Ресейде қоңыздар ағашты кеміріп тастап жатыр

Поволжьеде қоңыздар қылқан жапырақты орманды қалдырмай жеп жатыр.

Әсіресе Удмуртиядағы ахуал күрделі. Осы уақытқа дейін зиянкестер 150 мың гектардай алқапты құртып тынған.

Ижевск тұрғындары орталық саябақтың тағдырына алаңдаулы. Себебі ауырған ағаштар қатары көбейіп кеткен. Қурап, шайыры шыға бастаған. Мұның бәрі уссуриялық полиграф деп аталатын кішкентай ғана қоңыздың кесірі дейді мамандар.

Илья Проценко, саябақ директорының орынбасары:

- Полиграф жайлы естідік. Россельхознадзор бізді хабардар етті. Енді онымен күрес шараларын қолға аламыз. Атап айтқанда, ағаштардың зақымданған жерлерін кесеміз. 

Зиянкеспен күрестің жалғыз жолы – ағаштарды кесу. Химиялық заттар көмектеспейді. Табиғатта осы қоңызға қарсы тұратын жәндіктер де жоқ. Сондықтан ол самырсын, шырша немесе қарағайдың қабығына еніп, емін-еркін тіршілік етеді. Ақырында ағашты өлтіреді.

Сергей Люкин, Россельхознадзор басқармасының фитосанитариялық бақылау бөлімінің инспекторы:

- 47 гектар аумақта ағаштардың ауырғаны анықталды. Осыған байланысты тиісті мекемелерге зиянкестермен күрес бойынша қажетті ұсыныстардың бәрі ұсыныс жіберілді. Онда қандай шаралар қолданылу керегі жазылған. 

Зиянкестерге қатысты ең күрделі ахуал Уралдың оңтүстігінде. Мәңгі жасыл желектер қызыл түске боянған. Қазір ғалымдар ауру ошақтарын анықтап жатыр. Алдағы уақытта табиғат министрлігі оларды қорғау туралы заңға түзетулер енгізеді деп үміттенеді. 

Леонид Ширяев, Челябі облысының орманды қорғау орталығы директорының орынбасары:

- Аурудан сарғайып кеткен ағаштарды кесетінбіз. Бірақ жанындағы жасыл ағаштарға тиісуге болмайтын. Ал одан еш пайда жоқ. Себебі қоңыздар ұшып қонып, ауру тарататын. Енді заң шығарушылар қажетті шешім шығарып отыр. 

Өзгеріс қыркүйектің бірінен бастап күшіне енеді. Соның арқасында санитарлық мақсатта жедел ағаш кесіп, полиграфпен тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік тумақ.