Оқу жылы басталды. ХАМАС тудырған хаос немесе «ұзақ каникул»
Оқу жылы барлық елде оңай басталып жатқан жоқ. Израильде мұғалімдер шеруге шығып, жарты миллион оқушы мектепке бара алмай отыр.
Израиль ұстаздары жалақыны көтеруді талап еткен.
«Ұзақ каникул»
Израильде оқушылар ұзақ үзілістен соң мектеп табалдырығын қайта аттады.
Ал Альма қаласында араға 11 ай салып қойма ішінен бақша ашылды. Балалардың алғашқы легі балабақшаға біртіндеп орала бастады. Олардың қауіпсіздігі үшін білім ұйымдары арнайы автобус жалдап, жеткізуде. Өйткені "әлі жалғасып жатқан қақтығыстың кесірінен балалардың өміріне қауіп төнуі мүмкін", - дейді билік өкілдері.
Білім емес, вакцина керек
Газа секторында "Оқу түгіл, бас қайғы". Біріккен Ұлттар Ұйымы Газада полиомиелитке қарсы вакциналау науқанын бастады.
Дәрігерлер 640 мыңға жуық балаға екпе салуға тиіс. Бірақ бұл Израиль әскері мен ХАМАС арасындағы 8 сағаттық оқ атпау режимінің сақталуына тікелей байланысты.
Полиомиелит індетінің тарала бастағаны өткен аптада белгілі болған. Бұл аурудан 1 бала жартылай сал болып қалған. Сарапшылар мұндай жағдай аймақта кейінгі 25 жылда алғаш рет тіркелгенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің жаппай таралмауы үшін балалардың 90 пайызы 4 аптада 2 рет екпе алуы керек дейді.
Ричард Пирперкорн, ДДСҰ өкілі:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Палестинаның Денсаулық министрлігі және ЮНИСЕФ полиомиелитке қарсы жаппай вакциналау науқанын қолға алдық. Біз бірінші кезекле 10 жасқа дейінгі 157 мың балаға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Мұны 3 күннің ішінде іске асыруымыз қажет.
Телефонға салынған тыйым
Грекияда жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынды.
Жаңа ережеге сәйкес, балалар білім ұйымдарына телефонын әкеле алады. Бірақ сабақ барысында смартфонды қолданбай, сөмкесінде ұстауға тиіс. Ал ережеге бағынбаған оқушы сабақтан бір күнге шеттетіледі. Қайталанған жағдайда мұғалім оқушыны бірнеше күн дәріске қатыстырмауға құқылы.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ