Біреу жұмыс таппай жүр, біреу бар жұмысты істемей жүр

Әлемде жұмысшы маман жетіспейді. Жастардың бұл салаға барғысы жоқ.

Бірақ ғаламдық нарық заңгер мен экономистке қарағанда, жұмыс күшіне мұқтаж.

Иә, маман тапшылығы бүкіл әлемге тән. Ең жетіспейтін мамандық иелері қайсы? Бұл мәселені шешудің жолдары қандай?

50 мың құрылысшы тапшы

Ресейде жұмысшы мамандарға сұраныс өте жоғары. Олар үнемі жетіспейді.

Былтыр бұл елде 50 мың құрылысшы тапшы болған. Еңбек нарығына техникалық сала жетекшілері, жоба басшылары, тас қалаушылар, сылақшылар мен сантехниктер ауадай қажет. Осындай мамандарды тарту үшін компаниялар жоғары жалақы ұсынып-ақ жатыр. Мәселен, жоғары санатты метал жонушының айлығы 600 мың рубльден асады. Бұл шамамен 3 миллион 246 мың теңге.

Валерий Леонов, Рф Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары:

- Біздің елде бірнеше мың құрылысшы жұмыс істеп жатса да, бұл мамандық иелері мүлде жетіспейді. Құрылыс саласының жұмысшылары мен инженерлер өте тапшы. Қазір құрылысшы мамандар дайындайтын толыққанды білім жүйесін құру маңызды.

Ең тапшы мамандық құрылысшы

Еуропада бағдарламалық жасақтама, денсаулық сақтау, құрылыс және инжининг мамандары тапшы.

Бұған ЕуроОдақтың Еңбек агентігінің кейінгі есебі дәлел. Зерттеу "кәрі құрлық" бірлестігінің 27 елінде, сондай-ақ Норвегия мен Швейцарияда жүргізілген. Бұл аймақта әсіресе тас қалаушы, ағаш ұстасы мен жиһаз жасаушы сияқты қарапайым мамандықтар жетіспейді екен. Бұдан бөлек, жер қазатын операторлар мен инженер-құрылысшылар керек.

Георгий Папава, ISET халықаралық экономика мектебінің сарапшысы:

- Былтыр жастар арасында жұмыссыздық пен білім алу мәселесі шешілгенімен, көрсеткіш әлі де жоғары. Жастардың шамамен 25%-ы қол қусырып отыр, ешқандай іспен айналыспайды. Еуропалық Одақта бұл статистика 11-12%-ға тең. Жастардың дені білім бағдарламаларына ілікпей, жұмыс таба алмаса, өзге мемлекеттен пана іздеуге тырысады.

Чип өндірушілер жетіспейді

АҚШ-та жартылай өткізгіштер, яғни чиптер жасайтын маман жоқтың қасы.

Заманауи саладағы қызметкер тапшылығы жақын уақытта 171 мың адамға жетуі мүмкін. Халықаралық McKinsey & Company консалтинг компаниясының мәліметі осындай. АҚШ билігі болашақ мамандарды мектептегі орта және жоғары сынып оқушыларының арасынан іздеген дұрыс дейді. Маман тапшылығы басқа салаларды да қамтып отыр.

Ричард Саманас, халықаралық еңбек ұйымының директоры:

- Айлықтың аздығы қалай дегенмен де жұмыссыздардың санын көбейтіп отыр. Қазіргі таңда әсіресе жүк көлігінің жүргізушілері жетіспейді. Тазалықпен айналысатын мамандарға, қойма мен қонақ үй қызметшілеріне сұраныс көп.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ