«Жүрдек пойыз кетті». Әлемде теміржолы жоқ елдер де бар

Британиялық сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай әлем халқының саны 9 жарым миллиардқа жуықтайды.

Олардың 75 пайызы қалада тұрмақ. Қазір шаһар тұрғындарының саны күн сайын 172 мың 800 адамға толығады екен. Осылай жылдам өсіп жатқан қалалардың арасын жалғайтын ең тиімді көлік түрі – теміржол болмақ.

Келесі жылы іргеміздегі Қытайдағы жүрдек пойыз желісінің ұзындығы 50 мың шақырымға жетеді деген ақпарат бар. Әлемдегі теміржол желісінің жалпы ұзындығы 13 миллион шақырымнан асады. Олардың көбі мына елдерге тиесілі. Бірінші орында – АҚШ. Қытай одан 61 мың шақырымға аз. Алғашқы бестікке көршіміз Ресей, Үндістан және Канада кіреді. Одан кейінгі орындарда Германия, Аргентина, Австралия, Бразилия мен Франция тұр.

Ең ұзын теміржол желісі бар 10 ел

1 АҚШ 220,044 шақырым

2 Қытай 159,000 шақырым

3 Ресей 105,000 шақырым

4 Үндістан 68,584 шақырым

5 Канада 49,422 шақырым

6 Германия 40,422 шақырым

7 Аргентина 36,966 шақырым

8 Австралия 33,168 шақырым

9 Бразилия 29,817 шақырым

10 Франция 27,483 шақырым

Бұл рейтингте Қазақстан 21-орында тұр. Онда еліміздің теміржол желісінің ұзындығы 15530 деп көрсетілген. Бізден кейін Түркия 13 мың, Беларусь пен Түрікменстан 5 мың, бауырлас Өзбекстан 4669, Әзербайжан 2068, ал Қырғызстан 417 шақырым деп берілген.

Тағы бір қызықты мәлімет. Әлемде теміржолы жоқ елдер де бар екен. Бұл қатарға Андорра, Бахрейн, Бутан, Чад, Кувейт, Тувалу және Мальдив, Маршалл, Сейшель аралдары жатады.

Әлемдік рекорд

Теміржол игілігін барынша көріп отырған ел – көршілес Қытай.

Соңғы 1 айдың өзінде шойын жолмен 332 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары дейді Қытайдың теміржол операторы. Жолаушы тасымалы да өсіп жатыр. Бірінші жартыжылдықта көрші елдегі теміржол жолаушы сапары 2 миллиардтан асқан. Бұдан бөлек, Қытай сутегімен жүретін алғашқы пойызды сынақтан сәтті өткізді.

Сон Уей, Синьшуо теміржол локомотив компаниясының нұсқаушысы:

- Сутегімен жүретін бұл пойыз энергияны үнемдеп, экологиялық жағынан таза ғана емес, сондай-ақ өте қуатты. Ол жылдамдығын сағатына 160 шақырымға дейін жеткізе алады. Жүк тарту күші – 10 мың тонна.

Электр пойыздарының үлесі

Жалпы әлемде қазір электр пойызына көбірек басымдық беріліп жатыр.

Осы сәтке дейін дүниежүзі бойынша 10 мыңнан астам электр пойызы пайдалануға берілген. Еуропалық инвестициялық банк осы саланы дамытуға 39 миллиард еуро құйды. "Кәрі құрлық" экологиялық жағынан зиянсыз пойыздардың үлесін 2030 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ