Жапондар күріштен тарыға бастады
Жапонияда күріш тапшы. Мұның бір себебі – қуаңшылық.
Сондықтан билік шаруаларды күн райына төзімді өнім өсіруге шақырып отыр. Жер сілкінісі мен тайфуннан кейін жұрт дүрбелеңге салынып, сұраныс одан бетер артқан.
Жапондықтардың ең көп жейтін тағамы күріш екені бәріне мәлім. Жергілікті жұрт жылына оның 7 миллион тоннасын тұтынады екен. Ал егіс алқаптарында көбіне егде жастағы адамдар еңбек етеді. Фермерлердің 70 пайызы – 65-тен асқан қарттар. Осыған қарамастан жастардың онда жұмыс істегісі жоқ. Бірақ соның өзінде елде күрішке сұраныс жоғары.
Алайда қазір оның қоры 25 жылда болмаған көрсеткіштке дейін азайған. Оған қуаңшылық себеп. Былтыр күннің ыстығынан аз өнім жиналған. Биыл да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Аптап ыстықтан өнім шығымы нашарлаған.
Юкихиро Куросава, фермер:
- Жылдан жылға ауа температурасы жоғарылап барады. Бұл шарушылығымызға кері әсер етуде. Оның үстіне күн шыжып тұрғанда далада жұмыс істеу қиын. Бірақ амал жоқ, шығуға тура келеді. Әйтпесе өнімсіз қалатын түріміз бар.
Зеррттеушілер осы ғасырдың соңына таман Жапонияда күріш өнімділігі 20 пайызға азаяды деп болжап отыр. Сондықтан билік шаруаларға қуаңшылыққа төзімді сұрыптарды өсіруге кеңес беруде. Осы мақсатта тіпті арнайы ұлттық жоба қолға алынған. Елдің ең ыстық өңірі – Сайтама префектурасында ғалымдар тиісті бағытта зерттеулер жүргізіп жатыр. Мамандар елде өсірілетін барлық күріш түрлерін жинап, будандастыру арқылы жаңа эмихокоро сұрпын шығарғандарын айтады.
Наото Оока, ауыл шаруашылығы технологияларын зерттеу орталығының өкілі:
- Біз жылдан жылға жетістіктерімізді жетілдіріп жатырмыз. Бұл сұрыпты да келешекте жақсартып, ыстыққа одан да төзімді түрін шығаруымыз да ғажап емес. Климаттың өзгеруіне бейімділуіміз керек.
Жалпы Жапония азық-түлік өнімдерінің 60 пайызын сырттан жеткізеді. Бірақ дәл осы жергілікті шаруалар күрішке сұранысты толық өтеп келген. Енді соңғы жағдайға байланысты оның да бағасы шарықтап шыға келді.
- Мен бұрын күріштің 5 келісі үшін 1400 иена төлейтінмін. Ал қазір 4 келісінің өзі 2000 мың тұрады.
Ал ақпарға қарағанда өткен айдағы жер сілкінісі мен тайфуннан кейін жапондықтар күрішті жаппай сатып алуға көшкен. Сатушылар да соңғы уақытта дүкен сөрелерінде күріш көп тұрмайтын болды дейді. Бірақ билік өкілдері тиісті іс-шаралар қолға алынғандықтан жақында жағдай түзеледі деп жұртты дүрбелеңге жол бермеуге шақыруда.
Жұлдыз Атагельдиева, 24.KZ