Бір күні сізді ЖИ басқарып отырса, таңғалмаңыз

Бір күні сізді ЖИ басқарып отырса, таңғалмаңыз

Технология қарыштап дамыған сайын әлем елдері жасанды интеллектіні түрлі салада кеңінен қолданысқа енгізіп жатыр.

Ұлыбритания, Қытай, сондай-ақ Еуропа елдерінде медицина, халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтарға жасанды зерде жауап береді. 

Ұлыбритания

Ұлыбританияда жасанды интеллект Ұлттық денсаулық сақтау саласында кеңінен қолданылады.

Дәрігерлер ақылды машинаның көмегімен ауруларды ерте сатысында анықтай алады. Мысалы Лидс университетінің зерттеушілері тәжірибе барысында жүрек, бүйрек, жоғары қан қысымы сияқты сырқаты бар адамдарды бірден тапқан.

Бұдан бөлек, корольдіктің азаматтарға қызмет көрсету орталығында сұрақтарға жауап беретін чат-бот сынақтан сәтті өтті. Ол тұрғындардың 70%-ға жуық сауалына толық жауап беріп, көңілінен шыққан. 

Португалия

Былтыр Португалияның Әділет министрлігінде де неке және ажырасу бойынша сұрақтарға жауап беретін чат-бот пайда болды.

Оны жасап шығару үшін 1,5 миллион доллар жұмсалды. Чат-бот OpenAI GPT 4.0 тілдік моделіне негізделген. Жобаның алғашқы 14 айында басшылыққа 28 608 сұрақ түскен. Министрлік өкілдері жүйе кей күрделі сұраққа дұрыс жауап бере алмауы мүмкін, бірақ мұндай қателіктер сирек кездеседі дейді.

Эстония

Эстония цифрлық қызметтерді 1990 жылдардан бастап құрды.

Ал 2002 жылы азаматтарға мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық сәйкестендіру картасын енгізді. Қазір елде бюрократ (Bürokratt) деп аталатын мемлекеттік қызметтерге арналған чат-боттар кешені әзірленуде. Бұл чат-боттар, ChatGPT Gemini сияқты модельдерге емес өзге алгоритмдер арқылы жұмыс істейді.

Қытай

Ал Қытайда әлеуметтік несие жасанды интеллект арқылы беріледі.

Цифрлық базаларда азаматтардың мінез-құлқы туралы ақпарат үнемі жаңартылып отырады. Әр адамның өз рейтингі бар. Яғни несие алушының әл-ауқаты, ай сайынғы кіріс-шығыстарын ақылды машина бірден есептеп, жауап бере алады. Жүйе мемлекеттік соттың бақылауында.

Сонымен қатар Бейжің мен Шэньчжэнь қалаларында жасанды интеллект жол қозғалысын реттеу, жол апатының алдын алу, жүргізушісіз жүретін көліктерді бақылау үшін қолданылады.

Фариза Жанғанаева, 24.KZ