АЭС-тің игілігін көрген АҚШ
Әлем өркениеттің игілігін көріп отыр. Соның бірі АҚШ ядролық қуат өндіруден әлемде көш бастады.
Атлант мұхитының арғы бетіндегі ел атом энергетикасын өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап кеңінен қолдануға көшкен. Оған қоса Таяу Шығыстағы соғыс ықпал еткен еді. Өйткені қарулы қақтығыстан мұнай бағасы шарықтап, энергия өндірудің балама жолдарына сұраныс артқан. Америкадағы ядролық энергетиканың жай-жапсарын АЭС-тің біріне барған тілшіміз Талғат Алманов айтып берсін.
Бұл – Мэриландтың оңтүстік батысындағы Калверт Клифс атом электр станциясы. АҚШ астанасы Вашингтоннан шамамен 1 сағаттық жерде орналасқан. Қос реактордан тұратын орталықтың қуаты 1 миллион 300 мыңнан аса үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Жергілікті тұрғындардың 1975 жылдан бері жұмыс істеп тұрған нысанға қатысты пікірі мынадай.
Катерина, жергілікті тұрғын:
- Менің ойымша, АЭС-тің болуы біз үшін өте тиімді. Халық одан еш жапа шегіп отырған жоқ. Себебі ол – қауіпсіз. Ал оның қауіпсіздігіне күмән келтіретіндер дұрыс ақпараттанбаған деп ойлаймын.
Мэриландтан бөлек АҚШ-тың 28 штатында 93 атом реакторы орналасқан. Әрқайсысы кемі 60 жыл жұмыс істейді. Жалпы, АҚШ – әлемде осы қуат көзін ең көп өндіруші мемлекет. Дүниежүзіндегі атом электр энергиясының 30%-ын өндіреді. Ел ішіндегі үлесі – 20 пайыз. Мамандар бұл энергетиканы қолға алу заман талабына сай болды дейді.
Халимеда Килборн, Мэриленд университеті қоршаған ортаны зерттеу орталығының профессоры:
- Халықтың түрлі пікірде болуы қалыпты жағдай. Бірақ ғылым тұрғысынан айтар болсақ, ядролық энергетика адамзатты қуатпен қамтамасыз етудің ең тиімді жолы.
АҚШ-та алғашқы атом электр станциясы 1958 жылы салынды. Алпауыт елдің мұнай, көмір және газ сияқты дәстүрлі қуат көздерінен бөлек ядролық энергетикаға көшуінің бірнеше себебі бар. Солардың бірі атом энергиясының шығыны аз әрі тиімді болуына байланысты.
Түсініктірек болу үшін біз тұрған ғимаратты алайық. Бұл - 18 қабатты тұрғын үй. Электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жылына 203 тоннадай көмір қажет. Ал уранның бар жоғы 20 грамы жеткілікті. Демек 203 тонна уранға осындай 1 миллионға жуық ғимаратты электр қуатымен қамтамасыз етуге болады. Айырмашылығы жер мен көктей!
Жергілікті мамандар жалпы атом энергетикасы қауіпсіз екенін де алға тартады. Сондықтан оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Мұны тұрғындар жақсы біледі дейді.
Халимеда Килборн, Мэриленд университеті қоршаған ортаны зерттеу орталығының профессоры:
- Бізде атом электр станцияларындағы қауіпсіздікке көп мән беріледі. Ол үшін алаңдаудың еш қажеті жоқ. Сонымен қатар ядролық қуат көзін өндіру ядролық қарудың таралуына алып келеді деп ойлау - жаңсақ пікір. Себебі АҚШ-та атом энергетикасында басқа материалдар қолданылады.
Қауіпсіздік мәселесі қозғалғанда атом энергетикасының экологияға әсерін айтпай өтуге болмас. Бұл тұрғыдан алғанда атом электр станциялары ұтымды. Себебі көмір мен мұнайға қарағанда парниктік газдарды аз шығарады, яғни ауаны ластамайды. Мысалы 1976 жылдан бері ауаға таралатын көмірқышқыл газы 64 гигатоннаға азайған.
- Менің ойымша, біздің қаладағы АЭС-тың атмосфераға зияны жоқ. Бастысы тұрақты түрде тексеріліп тұрса болды. Менің туыстарым осындай АЭС-тің бірінде жұмыс істейді. Білуімше, жұмыстарына риза.
АҚШ-та атом энергетика саласында жарты миллионға жуық америкалық жұмыс істейді. Жалақылары энергетика секторының өзге бөліктерінде еңбек ететіндерге қарағанда 25-30%-ға жоғары. Ал мемлекет қазынасы жылына 40 млрд долларға молайып отыр. Былтырдың өзінде АҚШ-тағы атом электр станциялары 775 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндірді. Бұл шамамен 72 миллионнан астам үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондықтан АҚШ атом электр қуатына бас тартқысы жоқ.
Талғат Алманов. 24.KZ, АҚШ