Бельгия да дәрігерге зәру
Еуропалық клиникалар мен дәрігерлер де медицина саласында заманауи сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.
Бельгияда оларды еңсеру үшін түрлі жобалар қолға алынған. Корольдік билігі Денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатқандығы жайлы Брюссельдегі әріптесім Жанат Эрнст айтып беруге дайын.
- Медицинада цифрландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
- Бельгияда медицина саласын цифрландырудың басты мақсаты – ауруханалар жұмысының тиімділігі мен науқастарға қызмет көрсету сапасын арттыру. Корольдік 2015 жылдан бастап осы салаға озық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді.
Атап айтқанда, құжат айналымын оңтайландыру және аурухана қызметкерлерінің ақпарат жинауға кететін уақытын азайту үшін арнайы онлайн платформалар жасалған. Олар науқастардың миллиондаған медициналық қағаз құжаттарын электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде оларды сақтау мен өңдеу шығындарын азайтты. Ең бастысы, медицина қызметкерлері қағазбастылықтан арылып, науқастарды күтуге уақыты көбейді.
Бельгиялық клиникалар келешекте Жасанды интеллектіні пайдаланып, қағаз құжаттарды қолданудан мүлдем бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл науқастарға да өте ыңғайлы. Бұл оларға өзінің жеке медициналық мәліметтеріне онлайн кіруге мүмкіндік береді. Яғни платформа арқылы медициналық анализ нәтижелерімен таныса алады.
Сондай-ақ басқа клиникалардың да дәрігерлері оларды қарай алады. Дәріханаларда да дәрі-дәрмекті сатып алу да оңтайландырылған. Дәріхана қызметкері науқастың жеке куәлігі арқылы дәрігер жазып берген дәрілерді жалпы базадан көріп, ұсынады.
- Бельгияда медицина қызметкерлері жеткілікті ме?
- Жоқ, кадрлар жетіспейді және кадр тапшылығы Бельгияда өзекті мәселенің бірі. Әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін күрделене түскен. Қазір корольдікте дәрігерлер ғана емес, медбикелер мен науқастарды күтушілер де жетіспейді.
Бүгінде корольдікте 10 мыңнан астам шетелдік дәрігер жұмыс істейді. Олар елдегі медицина қызметкерлерінің жалпы санының 14 пайызын құрап отыр. Салыстыру үшін алсақ, 20 жыл бұрын дәрігерлердің тек 4 пайызы ғана шетелден келген.
Жанат Эрнст, 24.KZ, Бельгия