Жасыл технологияны дамытуға ден қойған ел (ФОТО)

Жасыл технологияны дамытуға ден қойған ел (ФОТО)

Қытай – жасыл технологияны дамытуға зор мән беріп келе жатқан ел.

Осы мақсатта жергілікті билік түрлі бағдарламалар мен жобаларды қабылдап, ел аумағында арнайы парктер мен орталықтарды құруға көп көңіл бөліп отырады. Оған дәлел – Шанхайдың Цзядин ауданындағы Future Mobility Park деп аталатын индустриалды орталық.

Кешеннің іргетасы осыдан 20 жыл бұрын қаланған. Елдің көлік өндірісінде жасыл технологияны ілгерілету мен мемлекеттің экологиялық таза көлік саясатының жетістіктерін көрсету мақсатында құрылған парк қазір осы саладағы жетекші ғылыми-зерттеу базасының біріне айналған.

Жалпы Қытайда бұл сектордың дамуына күшті серпін берген қазіргі мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің 2014 жылы осы орталыққа сапары болды. Ол паркті аралау кезінде «электромобиль өндірісін дамыту Қытайдың алып мемлекеттен күшті елге айналуына мүмкіндік береді» деп айтады.

Осыдан кейін Қытайда электрмобильдерді шығару қарыштап дамып, көп жетістікке қол жеткізеді. Тіпті осы соңғы 10 жылдықты сала дамуының «алтын ғасыры» деп атайды.

Қазір парк көлік шығару саласында жасыл энергияны сынау, әзірлеу және көрсету ісімен айналысады. Әсіресе жаңа экологиялық таза қуат көздерін енгізу мен жасанды интеллектіні қолдану ісіне ерекше мән береді.

Кешен тестілеу алаңдары, инновациялық зертханалар, білім беру, тұрақты даму, көрмелер сияқты 5 орталықтан тұрады. Соңғысы қала тұрғындарының парктің жаңалықтары мен жетістіктерін келіп, өз көздерімен көруге мүмкіндік беретін алаң болып саналады.

Шанхай халықаралық автомобиль компаниясының жаңа энергетикалық көліктер бөлімінің жоба жетекшісі Сюй Вэньчжэнің айтуынша, Индустириалды кешен әлемнің көптеген танымал компанияларымен тығыз байланыс орнатқан. Мысалы, жапондардың «Хонда» компаниясымен электромобильдерге қатысты мәліметтермен алмасып отырамыз дейді.

Аталмыш парктің соңғы жетістігінің бірі – жүргізушісіз жүретін автобус. Ол жасанды интеллектінің басқарумен қозғалады. Сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүреді. Қазір шағын көлікті сынау жүріп жатыр. Егер тексеру сәтті өтсе, қала ішінде қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Жалпы Шанхайда көлік шығару өндірісі өткен ғасырдың 70-80 жылдары қалыптаса бастаған. Қазір алып шаһарда бұл сала қарыштап дамып, электромобиль жасап шығару бойынша көшбасшы өңірдің біріне айналған. Былтыр елде 9 миллионы электрокар шығарылса, соның 620 мыңы осында сатылған. Бірақ қала билігі мұнымен шектелмей енді секторда жаңа қуат көздерін кеңінен пайдалануды көздеп отыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы