Әлемді өрт шарпып барады. Әйгілі шіркеу күлге айналуы мүмкін

Теріскейде күн райы жаңбырлы болғанымен, Қазақстанның өзге өңірлерінде орман және дала өртінің қаупі сейілмей тұр.

Қазгидрометтің хабарлауынша, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстандағы ыстық ауа райына байланысты өрт қаупі сақталады. Сонымен қатар, қауіп Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарында да бар. Әлемнің өзге елдерінде орман өрті ырық бермей тұр.

Ормандағы өрт тұтас қалаларды жойып жатыр. Тілсіз жау АҚШ-тың Калифорния штатындағы 150 жылдық тарихы бар Гринвил шаһарын күлге айналдырды. Осы штаттағы Парадайз қаласы да толығымен жанып кеткен.

Жалпы АҚШ-та орман мен даладағы өрт салдарынан жыл сайын 20 мың америкалық көз жұмады екен.

4 аймақта төтенше жағдай жарияланды

Ресейде 4 аймақта ормандағы өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Табиғи апат Байкал сырты өлкесі, Саха және Тыва республикаларындағы жасыл желекке қауіп төндіріп тұр. Бұдан бөлек, 57 елді мекенде өртке қарсы айрықша режим енгізілді. Тілсіз жаумен күреске 1700-ден астам адам, 200 техника мен әуе кемесі тартылған. Жұмыс нәтижесіз емес. 1 күннің ішінде ормандағы 31 өрт сөндірілген.

Ролан Ооржак, ерікті:

- Бізді Тыва республикасындағы табиғи апаттар қатты алаңдатады. Әсіресе біздің Таңды ауданында орман өрт жиі тұтанатын болды. Елді мекендер бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз.

Қант плантацияларына төнген қауіп

Өрттен Бразилия да қатты зардап шегіп отыр.

Орманды алқап Амазонас штатының орталығы – Манаус қаласын түтін тұмшалап алған. Жергілікті тұрғындар денсаулығымызға зиян келді дейді. Ал Сан-Паулу штатында қант плантацияның 60 мыңға жуық гектар аумағы өртеніп кетті. Әлі 2 жарым мың жерде от күш берер емес. Шығын қазірдің өзінде 63 миллион доллардан асып кетті.

Жалпы Сан-Паулу штатында бүкіл Бразилиядағы қант плантацияларының жартысы орналасқан. Тілсіз жаумен тиімді күресуге күшті жел мен құрғақшылық кедергі. Бұл елде қуаңшылықтың орнағанына 4 ай болды.

Годой Гонсалес, өрт сөндіруші:

- Өрт қазір шаруа қожалықтарына қауіп төндіріп тұр. Отты ол жақтарға жібермеуге барынша тырысып жатырмыз. Бірақ жел ырық берер емес. Жалынның биіктігі 60 метрге дейін жетеді. Өте қиын.

Әлемге әйгілі шіркеу күлге айналуы мүмкін

Боливиядағы өрт 18 ғасырдың басында салынған, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміндегі ескі шіркеуді күлге айналдыруы мүмкін.

Елдің шығысындағы Санта-Крус аймағында тілсіз жаудың тұтанғанына 1 айдан асты. Қазірдің өзінде от 2 миллион гектар аумақты жалмап үлгерді.

Жергілікті ақпарат құралдары табиғи апатқа соя алқабындағы қалдықты қолдан өртеу себеп болғанын айтады. Халық оттың бетін қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап әлек. Чикитано қауымы бірнеше әуен орындап, жерді бәледен аластады.

Алехандро Пуку, музыкант:

- Музыка арқылы біз табиғат-ананың қатты зардап шегіп жатқан аянышты халіне назар аудартқымыз келеді. Біз осы орман ағаштарының арқасында таза ауа жұтып жүрміз. Айнала ластанса, біз ән де айта алмай қаламыз. Орманды өрттен сақтау – адамзаттың өз қолында!

Ернат Мелсұлы, 24.KZ