Қыз бен жігіттің танысқаны үшін мемлекет ақша төлейді
Оңтүстік Корея билігі бір-бірімен танысып, араласа бастаған жалғызбасты адамдарға ақша төлейді.
Бұл елдегі демографиялық дағдарысты шешудің амалы. Мұнда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Өйткені баспана қымбат. Баланы бағып-қағу шығындары да аз емес. Осыған байланысты тіпті төтенше жағдай жариялауға тура келген. Содан тұрғындарды отбасын құрып, балалы болуға ынталандыру үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған.
Мысалы, жалғызбасты жандарға кездесу ұйымдастырылады. Егер осыдан соң ер адам мен әйел қарым-қатынасын жалғастыратын болса, 500 мың вона алады. Бұл біздің ақшамен 180 мың теңгедей. Ал кездесіп жүріп, кейіннен отбасын құрса, үйлену тойына биліктен 20 миллион вона (7 миллион теңгедей) бөлінеді. Бұдан бөлек баспана сатып алу және үй жалдап тұруға да қаржылай көмек бар. Жоба келесі айдан бастап Пусан қаласында іске асырылады. Оған 24 пен 43 жас аралығындағы тұрғындар қатыса алады.