БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін атап өтті
БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін атап өтті.
Осыған орай беделді органның пленарлық отырысы өткізілді. Жиында Бас Ассамблея төрағасы Деннис Фрэнсис Қазақстанның ядролық қаруларды жою, таратпау және бейбіт әлем құру жолындағы бастамалары мен жүзеге асырған іс-шараларына ерекше тоқталды. Ол сондай-ақ «Семей полигонын жабу туралы шешім – жойқын қарусыз әлем құрудың үлгісі», – деп атап өтті. Қазақстан жаһандық қауіпсіздікті құру идеясын осыдан 33 жыл бұрын көтерген. Еліміздің тарихи бастамасын көптеген мемлекет қолдады.
Деннис Фрэнсис, БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті:
- Мен Қазақстанның ядролық сынақтарды тоқтатуға қатысты саясатын толықтай қолдаймын. Өткенге көз жүгіртсек, олардың салдары қандай болғанын жақсы білеміз. Жойқын қару адамзатқа қасірет әкелері сөзсіз. Демек әлемдегі барлық елдер одан бас тартуы тиіс. Оның ең тиімді жолы – ядролық сынақтарға тыйым салу.
Роберт Флойд, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы:
- Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күнді бекіту Қазақстанның бастамасы болды. Қазақ елі жойқын қарудан бас тартудың маңызын дер кезінде түсіне білді. Өзге мемлекеттерге мәселенің өзектілігін көрсетті. Қазақстанның антиядролық бастамаларын қолдаймыз. Осы ретте мен өзім басқарып отырған ұйымның атынан Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді.