Қытайда балабақша азайып барады. LIVE

Қытайда балабақшалар жаппай қысқартылып жатыр.

Бір жылда мыңдаған бөбекжай жұмысын тоқтатты. Себебі мектепке дейінгі білім беру мекемелері бұрын-соңды болмаған қиындықтарға кезіккен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Балабақшалардың қысқаруына алып келген негізгі фактор – ол елдегі демографиялық ахуал. Кейінгі жылдары Қытайда бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Мұның бәріне елдегі 1980 жылдары қабылданған «Бір отбасыға бір бала» саясатының тікелей кесірі тиіп отыр. Жастар перзентті болуға асықпайды. Тіпті мүлдем құлықсыз десек артық айтқандық емес. Бала санының аздығы бірінші кезекте білім саласына кері әсер етіп отыр.

Бала туу азайғандығы соншалық, елде күніне шамамен 40 балабақша жабылады. Жалпы кейінгі екі жылда елде 14 800 бөбекжай қысқарды. Қытайдың білім министрлігінің мәліметіне сай 2022 жылы елде балабақшаға баратын бала саны 6 миллионға дейін азайған. 2023 жылғы статистика да осы шамалас. Биылғы ресми мәлімет әлі жарияланған жоқ. Бірақ түрлі дерек көздерінде 2024 жылы балабақшаға баратын бала саны соңғы 3 жылда 46 миллионнан 35 миллионға дейін азайған деген ақпарат бар. Бұл елдегі мектепке дейінгі мекемелердің күрделі жағдайға тап болғанын көрсетеді. Алайда Қытай билігі бұған үлкен мүмкіндік ретінде қарап отыр. Өйткені мемлекеттік сарапшылардың айтуынша, бұл балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін арттырады. Бөбекжайлар арасында бәсекелестік туады. Ата-аналар алдында таңдау пайда болады. Олар балаларын ең сапалы, үздік деген балабақшаларға бере алатынын айтады. Мамандар болса «Бұл қысқарудың басы ғана», – деп отыр. Тіпті мектепке дейінгі жастағы бала санының азаюы біртіндеп бастауыш мектептерге де жетеді деген болжам бар. Ал 2026 жылы бастауыш білім беретін мекемелер үлкен дағдарысқа ұшырап, 2035 жылға қарай жалпыға бірдей міндетті білім беру кезеңіндегі оқушылар саны 30 миллионға дейін азаяды деген қауіп те бар. 

Негізі қазір бұл түйткіл бүгінде мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналған. Билік бала тууға бағытталған түрлі тетіктерді іске қосып, әлеуметтік жеңілдіктер ұсынғанымен, көзге көрінетіндей нәтиже болмай тұр. Туу көрсеткішінің төмендігінен Қытайдағы балабақшалардың үштен бір бөлігі жабылады деген болжамдар айтылып жатыр. Айта кету керек, қазір Қытай халқы қартайып барады. Ресми статистикаға сәйкес жалпы саны 1 млрд 409 млн-нан астам халық болса, соның 300 миллионға жуығының жасы 60-тан асқан. Бұл – бүкіл халықтың 21%-і.