Әлем елдерінде онлайн сауда жүйесі қалай реттеледі? Шартарап
Үндістанның Ассам штатында заңсыз онлайн саудамен айналысқан 38 күдікті қамауға алынды.
Алаяқтардың әрекетінен көптеген инвестор зардап шегіп, үнді экономикасына мыңдаған доллар шығын келді. Әлем елдерінде онлайн сауда жүйесі қалай реттеледі?
Әр елде әртүрлі. Мәселен, АҚШ үкіметі онлайн сауда кезінде тұтынушылардың құқығын бұзған компанияларға 50 мың доллар айыппұл сала алады.
Еуропада Aliexpress тергеліп жатыр
Еуропада тұтынушылардың құқығын 2 негізгі заң қорғайды. Бұлар – Тұтынушылар құқығы туралы директива мен Цифрлық қызмет туралы былтыр ғана күшіне енген жаңа заң. Жалпы қалыптасқан ереже бойынша, көптеген елде тұтынушы тауарды 14 күннің ішінде қайтара алады. Даулы мәселелер 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімде қаралады. «Кәрі құрлықтағы» жаңа заң онлайн платформалар мен маркетплейстердегі ережелерді белгілейді және контент үшін жауапкершілік артады. Заңды бұзған компанияларға кейінгі 1 жылдағы табысының 6 пайызы айыппұл ретінде өндіріліп алынады. Қазір Еурокомиссия танымал Aliexpress маркетплейсіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол денсаулыққа зиян дәрілер сатуы мүмкін деген күдікке ілінген. Сондай-ақ Тэму, Пиндуодо және Амазон сияқты ірі онлайн сауда алаңдары да – жіті назарда. Мамандар ұялы қосымшаларды қолданғанда абай болуға шақырады.
Елвис Страздинс, цифрлық қауіпсіздік орталығының жетекшісі:
- Мәселен, Telegram-дағы чаттарға сақтықпен қараған абзал. Тіпті ол жақта есірткі сататын ұйымдасқан қылмыстық топтар белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ басқа да күмәнді тауарлар, өнімдер мен қызметтер ұсынатын алаяқтарға ұрынып қалу қаупі жоғары.
АҚШ-та былтыр онлайн саудада алдағандарға $300 млн айыппұл салынды
АҚШ-та онлайн сауда Тұтынушы тауарлар қауіпсіздігі туралы заңмен қадағаланады. Басты бақылаушы – Федералды сауда комиссиясы. Ол істерді 3 айдан 6 ай аралығында қарастыра алады. Онлайн сауда талаптарын бұзған компанияларға 50 мың долларға дейін айыппұл салуға болады. Қайталанған жағдайда жаза көлемі артады. Былтыр Федералды сауда комиссиясы 300 миллионнан астам доллар айыппұл салған.
Қытайда былтыр 900 млн-нан астам онлайн тұтынушы тіркелді
Іргеміздегі Қытайда онлайн саудада алданған тұтынушылар тауар бағасынан 10 есе артық өтемақы талап ете алады. Бұл ережені Мемлекеттік сауда-өнеркәсіп басқармасы қадағалайды. Арыз-шағым 1 айдан 3 айға дейінгі мерзім ішінде қарастырылады. Тұтынушы интернет арқылы сатып алған өнімді 7 күннің ішінде қайтарып беруге құқылы. Себебін көрсету міндетті емес. «Синьхуа» ақпарат агенттігі былтыр Қытайда 900 миллионнан астам онлайн-сатып алушы тіркелгенін және онлайн алыс-беріс ішкі сауда көлемінің 30 пайызын құрағанын айтады.
Хи Цзе, тұтынушы:
- Мен онлайн сауданы белсенді қолданамын. Бірақ бастапқыда тауарлар қымбаттау болады. Сәл күтсеңіз, едәуір арзандайды.
Ресейде онлайн сауда ережесін бұзғандарға 30 мың рубль айыппұл салынады
Тағы бір көршіміз – Ресейде онлайн сауда жасаған тұтынушылар құқығының сақталуын Роспотребнадзор мекемесі қадағалайды. Арыздар 30 күн ішінде қаралады. Компания шағымға дер кезінде жауап бермесе, оған 30 мың рубль, яғни шамамен 160 мың теңге айыппұл салынады. Былтыр бір ғана Мәскеу қаласында 90 мың арыз қаралған.