Әлемнің кей елдері 4 күндік жұмыс аптасына көшуге ниетті
Әлемнің бірқатар елі аптасына 4 күн ғана жұмыс істемек.
Бұл тәжірибені сынақтан өткізіп көргендер де аз емес.
Нәтижесінде Жапония, Оңтүстік Корея билігі оны біржола енгізуді шешіп, бірқатар іс-шараны қолға ала бастаған.
Жапония парламенті 4 күндік жұмыс аптасын енгізбекші. Қазір күншығыс елінде күніне 12 сағат жұмыс істеу қалыпты жағдай саналады. Бірақ оның кері салдары көп екені жиі айтылады. Осыған байланысты елде «кароси» атты ұғым қалыптасқан. Бұл жапон тілінен аударғанда, жұмыс уақытынан артық жұмыс істеудің кесірінен өз өзіне қол жұмсау дегенді білдіреді. Дерекке сүйенсек жыл сайын 54 адам көз жұмады екен. Жергілікті билік 2025 жылға қарай оның санын 30 пайызға қысқартуға ниетті. Бұл үшін аптасына 60 сағаттан астам жұмыс істейтіндердің 5%-ын қысқартуды көздеп отыр. Кей компаниялар өз қызметкерлеріне жұмыстан ерте кетуге мүмкіндік берген. 2021 жылы Microsoft компаниясы осы елдегі қызметкерлерін бір айға 32 сағаттық жұмыс аптасына көшіріп, тәжірибе жасап көрген. Нәтижесінде қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға өсіп, бірлестіктің жарық пен жылуға кететін қаржысы азайған.
Оңтүстік Корея да 4 күндік жұмыс аптасына көшуді құп көреді. Yonhap ақпарат агенттігінің дерегі бойынша, Кёнгидо провинциясында әр 2 апта сайын, қызметкерлер 4 күндік жұмыс аптасын немесе әр апта сайын жарты күндік жұмыс кестесін таңдай алады. Сарапшылардың айтуы бойынша, бұл қызметкердің физикалық шаршау мен күйзелісті азайтуға көмектеседі. 2023 жылғы Халықаралық Gallup жобасы әзірлеген көрсеткіш бойынша, Оңтүстік Корея жұмыс кестесі ең тығыз, әрі жұмыс уақыты көп елдердің алғашқы бестігінде болды.
Биыл жыл басында британиялық компаниялар 4 күндік жұмыс аптасына уақытша көшіп сынақ жүргізді. 6 айлық пилоттық жобаға 61 мекеме қатысты. Олардың 89 пайызының аз жұмыс істеп, көп шаруа тындыруға болатынына көздері жеткен. Қызметкерлері жалақыны толық алған. Күйзелістен арылып, жұмысқа деген құлшыныстары артқан. Осыған байланысты тәжірибе аяқталғаннан кейін, сынаққа қатысқан әр екінші бірлестік 4 күндік кестеге біржола көшкен.
Ал Еуропа елдерінің ішінде Бельгия былтыр бірінші болып 4 күндік жұмыс аптасына көшті. Бірақ қызметкерлердің 4 не 5 күндік жұмыс кестесінің бірін таңдап алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы тапсырылған шаруаның уақытында аяқталуына мән беріледі. Жұмыс күні қысқарғанымен, жалақы мөлшері өзгермеді. Бұл тәжірибені биыл ақпанда Германия да енгізіп, 50-ге тарта компания 4 күндік жұмыс аптасына көшті.
Авторы: Фариза Жанғанаева