Бразилиядағы Ұлттық орманның 20%-ы өртеніп кетті
Бразилия астанасының іргесіндегі Ұлттық орманның 20 пайызы өртеніп кетті.
Сөйтіп 5 жарым мыңнан аса гектар алқап күлге айналды. Мұндағы бас шаһардың 70 пайызын тұщы сумен қамтамасыз ететін бұлақтар орналасқан. Айта кетейік, Бразилия қаласы маңында осымен бірнеше күн бойы орман өрті ырық бермей тұр. Салдарынан қаланы көк түтін басқандықтан, әуежайлар рейстерді кейінге шегерді. Ал тұрғындар бетперде тағып жүруге мәжбүр.
- Дүкендерде маскалар таусылды. Ауа ылғалдағыштар да сатылып кеткен. Сосын қазір тыныс алу жолдарының аурулары кезінде ішетін дәрі-дәрмекті де табу қиын.
- Мен көшеде жүріп сауда жасаймын. Азық-түлік сатамын. Бірақ мына түтіннен жұмысым қиындап кетті. Кішкене жүрсем болды, ентігіп қаламын.
Бәріне қуаңшылық себеп. Бразилияның 250-ге жуық қаласында ауа ылғалдылығы Сахара шөліндегі көрсеткіштерге таяп қалған. Кейбір өңірлерде жаңбырдың жаумағанына 3 айдан асып кеткен. Бүкіл ел бойынша 9 мыңнан аса өрт шыққан. Құрғақшылықтан қант өндірісіне де зиян келді. Жалпы бұл мемлекет осы шикізаттың әлемдегі ірі өндірушісі саналады.