Әлемде мүмкіндігі шектеулі балалардың 75%-і сапалы білім ала алмай отыр

Әлемде қазір мүмкіндігі шектеулі 240 миллион бала бар деп саналады. ЮНИСЕФ өкілдері олардың 75%-і сапалы білім ала алмай отыр дейді.

Десе де, бұл мәселені инклюзивті білім беру арқылы шешіп отырған елдер бар.

 

Норвегиядағы барлық мектеп инклюзивті білім береді

Норвегияда осыдан 20 жыл бұрын ауқымды реформа жүргізіліп, соның аясында барлық мектептер инклюзивті білім беретін мекеме болып қайта құрылды. Яғни мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы арнаулы оқу орнын іздеп сабылмайды. Аталған мектептерде барлық балалар үзілістерде өзара араласып, дене шынықтыру сияқты сабақтарда дағдысын жетілдіреді. Әр баланың көмекшісі бар. Сондай-ақ реабилитолог, психолог, логопед, сурдоаудармашы, медқызметкер мен тәрбиешілер жұмыс істейді. Сабақ ортақ 15 минуттан басталады, сосын балалар жеке бағдарлама бойынша шұғылданады.

 

АҚШ-тағы мемлекеттік мектептерде ресурстық сыныптар бар

АҚШ-тың әр мемлекеттік мектебінде баланың мүмкіндігіне лайықталған ресурстық сыныптар бар. Олар арнаулы құрал-жабық, керек-жарақпен жабдықталған. Мұндай сыныптағы бала саны 11-ден аспайды. Денсаулығы нашар оқушылар дені сау құрбы-құрдастарымен бірге шұғылданады. Қажет кезде көмек беру үшін қасында әрдайым маман жүреді.

 

Италияда мүмкіндігі шектеулі балалардың бәрі мектепке барады

Италияда белсенділер ерте қимылдап, үкімет пен азаматтардың назарын мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамның толыққанды мүшесі ету қажеттігіне аудара алды. Осының нәтижесінде оқу реформасы жасалған. Қазір сыныпта мұғалімдермен қатар физиотерапевт, логопед және көмекшілер жұмыс істейді. Мектептер лифт, пандустармен толық жабдықталған. Италияда мүмкіндігі шектеулі балалардың бәрі жалпыға бірдей білім беретін мектептерге барады.

 

Испанияда инклюзивті білім беру заңмен қорғалады

Испанияда да мүмкіндігі шектеулі балалар жалпыға бірдей білім беру мекемелерінде оқиды. Әр мектепте арнаулы сыныптар бар. Оларда міндетті түрде психологтар болады. Инклюзивті білім беруге қатысты тиісті актілер мен ережелердің бәрі қабылданған.

Авторы: Ернат Мелсұлы