Сутегін қуат көзіне айналдырған Шанхай парктері (ФОТО)

Сутегін қуат көзіне айналдырған Шанхай парктері (ФОТО)

Қытай баламалы энергия көздерін барынша дамытып жатыр. Әсіресе, сутегіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Елде осы қуат көзін зерттеу орталықтары көбейіп келеді. Бұл істе Шанхай қаласы көш басында. Шаһарда оны зерттеп, түрлі салада белсенді енгізіп жатқан кешендер көп.

Соның бірі – Тунцзи университетінің ішіндегі ғылыми-зерттеу орталығы. Институт Германияның Rheinmetall AG технологиялық тобымен бірлесіп жаңартылатын энергияны қолдануды зерттеумен айналысады. Сонымен қатар көліктер мен ұшатын аппараттардағы батареяларды жетілдіреді.

Қазір орталық электрмобильдерге орнатылатын литий батареясын сутегімен алмастыру жолын тауып, қолданысқа енгізген. Олар дрон мен мопедтерге қойыла бастаған. Мысалы, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын ұшқышсыз аппараттарда қолданылады. 

Институт зертханасының қызметкері профессор Сон Кэнің айтуынша, бұл қуат көзінің бірнеше артықшылығы бар. Бірншіден, сутегі литийге қарағанда жеңіл әрі ұзақ жұмыс істейді. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан таза, қоршаған ортаны ластамайды. Үшіншіден, қыста күн суықта литийге қарағанда ұзақ пайдалануға болады, - дейді ол.

Шанхайда сутегін зерттеп, оны түрлі салада қолданысқа енгізумен айналысатын тағы бір орталық – Цзядин сутегі паркі. Кешен аумағы 2 шаршы шақырымнан асады. Парк қазірдің өзінде жүк және жеңіл көліктерін оталдырып, жүргізетін сутегі балонын ойлап тауып, оны шығаруды өндірістік жолға қойған.

Жүк көлігіне 9 сутегі балоны орнатылады. Ол қуаттаусыз 800 шақырым жер жүруге жетеді. Ал жеңіл көлік 250 шақырым жерге 6 келі ғана сутегін жұмсайды. Парк мамандары «мұндай технологияның құны электрмобильдерге қарағанда қымбат. Бірақ сұраныс артып, көптеп шығарыла бастаған соң құны да арзандайды», - дейді. Қазір Қытайда осындай 20 мыңнан аса темір тұлпар бар екен. Олардың басым бөлігі жүк көліктері көрінеді.

Индустриалды парк сутегін көлік өндірісінен бөлек күнделікті өмірде де кеңінен қолдануды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, парк шаһардың бір ауданын толықтай сутегімен қамтамасыз ету бойынша жобаны жүзеге асыруда. Яғни, тұрғын үйлер, кәсіпорындар, станциялар бәрі-бәрі энергияны осы қуат көзінен алатын болады. Бұл Шанхайдың қаржы ғана емес жасыл энергияны өндіру орталығына айналуға талпынысын көрсетсе керек.

Авторы: Дәурен Ақашұлы, 24KZ