Қытайда соңғы 10 жылда болмаған жойқын тайфун соқты
Қытайда кейінгі 10 жылда болмаған жойқын тайфун соқты, деп хабарлайды 24kz.
Дауыл жылдамдығы сағатына 200 шақырымнан асады. Табиғи апаттан 2 адам қайтыс болды. Қазір көрші елдің оңтүстігінде жағдай қиын. Бұл аймақта ондаған қала мен елді мекендерде тіршілік тоқтап қалды. Эвакуацияланған халық саны бірнеше миллионнан асып кетті. Жолдар жабылып, көлік қозғалысы шектелді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда миллиондаған тұрғын үй-жайын тастап, қауіпсіз жаққа қашып жатыр. Теңізден шыққан Яги тайфуны жолындағының бәрін жайпап барады. Жойқын дауыл мыңдаған түп ағашты тамырымен қопарып тастады. Электр желісі үзіліп, аймақ жарықтан ажыратылды. Жұрт әлеуметтік нысандар мен уақытша баспаналарды паналауға мәжбүр.
Чжоу Юнькуй, Гуанси провинциясы ТЖД директорының орынбасары:
- Гуанси аймағындағы бүкіл кеме жаппай жағаға шығарылып жатыр. Теңіздегі 28 бұрғылау нүктелеріндегі жұмыстар тоқтатылды. Құрылыс кемелері, жел электр станцияларындағы жұмысшылар түгел эвакуацияланды. Жағаға шығып үлгермеген кемелер де бар. Олар дауылдың басылғанын теңізде күтуге мәжбүр.
Кейбір аудандарда нөсер жауын жауып, су тасқыны болды. Сел жүріп, жолдар жабылды. Көлік қозғалысы шектеліп, автомагистральдерде ұзын-сонар кептеліс қалыптасты. 10 қалада мектептер жабылды. 85 мыңға жуық балықшы кемесі жағаға шығарылды. Әсіресе, Хайнань туристік аймағында аса қауіпті. Бұл өлкеде 89 туристік нысанның жұмысы тоқтады.72 бағытта жолаушылар және сауда кемесі жағада қаңтарылып тұр. 141 жүрдек пойыз, 100-ден астам әуе рейстері кейінге шегерілді.
Чжоу Юнькуй, Гуанси провинциясы ТЖД директорының орынбасары:;
- Тайфун күші әлі басылған жоқ. Алдағы күндері үдей түседі деген болжам бар. Теңіздегі толқынның биіктігі 7-9 метрге дейін жетеді. Бұл аса қауіпті құбылыс. Қазір теңізге жақын орналасқан 3 шаһарда 3000-нан астам маман құтқару шараларына жұмылдырылған. Тұрып қалған кемелерді сүйреп шығаруға арналған су көліктері жұмыс істеп жатыр.
Қытайда биылдыққа осымен 11-рет алапат тайфун соғып отыр. Қазір жойқын циклон батысқа қарай жоғары жылдамдықпен жылжып барады. Елдің метеорологиялық қызметі дабыл қағып, ескерту жариялады.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы