Oasis рок-тобының билеттеріне қатысты дау зерттеледі

15 жылдық үзілістен кейін қайта біріккен британиялық Oasis рок-тобының концерттеріне қатысты шу шықты.

Динамикалық баға белгілеу принципі арқылы сатылған билеттердің құны шарықтап кеткен.

Бұл мәселе бойынша, тіпті, елдің үкімет басшысы да алаңдаушылық білдірді. Енді қадағалау органы билет сатқан компанияны тексеріп жатыр.

Аты аңызға айналған Oasis рок-тобының әншілері ағайынды Галлахерлер қайта сахнаға шығады деп риза болған жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Көрермендер билеттердің бағасы ескертусіз көтерілді деп шағымданды. Мыңдаған адам виртуалды кезекте ұзақ уақыт күтіп, қымбат билетке тап болған. Қайта сатумен айналысатын сайттардағы баға тіпті 4 000 фунтқа дейін жеткен.

- Меніңше, концерттің бағасы тым жоғары. Мен олардың қайта бірігуі үшін қаражат қажет екенін түсінемін. Бірақ бұл аздап алаяқтыққа ұқсайды.

-  Бұл ақылға сыймайды. Менің құрбым әрқайсысы екі жарым мың фунт тұратын бірнеше билет сатып алды. Бұл тым қымбат. 

-  Мен үшін бұл топты қайтадан сахнадан көру үлкен қуаныш. Бірақ билет бағалары 3 000 фунт немесе одан да жоғары болып тұр.

Бәсекелестік және нарықтар басқармасы билет сатқан компанияға қатысты тергеу жүргізіп, динамикалық баға қалайша белгіленгенін анықтауды жоспарлап отыр. Ол сондай-ақ тұтынушыларға билеттерді қысқа уақыт ішінде сатып алуға қысым жасалған-жасалмағанын тексереді. Тіпті үкіметтегілер де бұл жағдайға байланысты бей-жәй қалмады.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Біріншіден, Oasis-тің қайта біріккені өте жақсы жаңалық. Бірақ билет бағасының қымбат болғаны қынжылтады. Мен жанкүйерлердің құқықтары ескеріліп, қалтаны қағатын бағамен қайта сатылуын тоқтатуды талап етемін. Біз бұл мәселе жайлы кеңес өткізуді бастадық. 

Динамикалық баға белгілеу - сұраныс артқан кезде бағаны қымбаттату стратегиясы. Бұл көбіне демалыс маусымындағы әуе рейстері мен қонақүйлеріне қатысты болатын жағдай. Сондай-ақ шақыру көбейген кезде такси тарифтеріне де байланысты қолданылады. Концерттерге қатысты стратегия АҚШ-та кең тараған, бірақ Ұлыбритания мен Еуропа үшін жаңалық.

Шеллион Хорн, бәсекелестік бойынша сарапшы:
- Меніңше тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі назардан тыс қалған сияқты. Бірнеше сағаттық онлайн кезектен кейін билеттердің қымбаттағанын білген халықтың көңіл-күйі бұзылуы заңды. Бұл жерде ашықтық мәселесі ескерілмеді және жанкүйерлер бағаның өсуі мүмкін екенін алдын ала білмеді деп ойлаймын.

Топтың мәлімдемесіне сәйкес, олар да динамикалық баға өсімі туралы білмеген. Х әлеуметтік желісінде шағымданған жанкүйеріне Лайам Галлахер «үніңді өшір» деп жауап берді. Тұсаукесер альбомы 30 жыл бұрын шыққан топтың 2009 жылы тарап кеткені белгілі. Біріккеннен кейінгі алғашқы концерті келесі жылдың жазында өтеді. Oasis Кардиффте, Манчестерде, Лондонда, Эдинбургте және Дублинде барлығы 14 рет өнер көрсетеді. 

Оқиғалық туризм мемлекет бюджетін толтырудың тиімді әдістерінің бірі. Жақында ғана Ұлыбританияда гастрольдік сапарда болған америкалық әнші Тейлор Свифт кейбір есептеулер бойынша, ел экономикасына салық түрінде 1 миллиард фунт әкелген. Жанкүйерлер билетке, жолақысына, қонақ үйге шығынданып, әрқайсысы орта есеппен 848 фунт жұмсаған.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы