Жер бетінде ормандар жойылып барады. Шартарап
Бұрынғының адамдары ауылға, киіз үйге жетпей аттан түсіп, атын жетелеп келеді екен.
Онысы аттылы адам жерге салмақ түсіріп, көкті таптамасын деген ниет. Көшпенді жұрт табиғатты осылай аялаған.
Иә, ертеде адам табиғатпен етене жақын еді. Сол қалпынан жаңылмаған көшпенді жұрттар әлі де бар. Бірақ өркениет, оның сыртында өндірістердің дамуы климат өзгерісіне әкелді. Бүгінгінің адамы болашаққа алаң. Өйткені жаһандық жылынудың қауіп қатері айқын сезіліп тұр.
Моңғолияда халықтың тең жартысы көшпелі өмір сүреді
Қазірде Моңғолия халқының 50%-дан астамы мал бағып, күнін төрт түліктің берекесінен тауып отыр. Халықтың тең жартысына жуығы әлі де көшпелі өмір сүреді. Ел астанасы Ұлан-Батор қала бола тұра, халықтың тең жартысы киіз үйде тұрады. Заман озған сайын, өмір сүру салтын өзгертуге тырысқанымен, тұрғындар урбанизацияның көшіне ілесе алмаған. Мәселен, тұрғындардың көбі су құбыры, электр қуаты, кәріз және жылыту сияқты коммуналдық қызметтерді дұрыс пайдалана алмайды.
Соның салдарынан қаланың қақ ортасында қазанға от жағып, тамақ пісіргеннен қаланың ауасы ластанған. Статистика бойынша, Моңғолия ауа сапасы жөнінен Пәкістан, Бангладешпен бірдей. Сондай-ақ, тек моңғолдар сияқты өмір сүру салты Қырғызстан, Тибет, Африка елдері, Иран, Мавританияда сақталған.
Жер бетінде ормандар жойылып барады
Көштен қалмай, дамып кеткен елдердің де табиғатпен тепе-теңдік ұстауы қиын. ХХ ғасырда экономика мен адамдардың әл-ауқаты белсенді түрде өсті. Жаңа қалалар бой көтерді, тау-кен өндірісі дамыды, сәйкесінше өндіріс көлемі ұлғайды, ауыл шаруашылығы мен туризм белсенді дамыды. Бұл секіріс тек экономикалық өрлеумен ғана емес, сонымен бірге табиғат үшін жағымсыз салдармен де қатар жүрді. Көшпелі халық табиғаттың заңына бағынып, тал өсірді. Ал қазірде адамзат өсіп тұрған талды қолмен кесуге көшті. 1990 жылдан 2020 жылға дейінгі кезең аралығында жер бетінде 420 миллион га орман алқабы жойылып кеткен. Оған орман өрттері, заңсыз кесу мен ағаш дайындау, тұрақсыз ауыл шаруашылығы себеп болады. Жаһандық жылыну дегенімізді жалпақ тілмен ормандардың жойылуы деп түсіндірсек жаңылмаймыз. Өйткені ормандардың жоғалуы жер бетінің көмірқышқыл газын сіңіру және реттеу қабілетін төмендетеді. Бұл климаттың өзгеру әсерін күшейтеді.
«Ормандар тіршілік үшін өте маңызды. Олар таза ауамен, баспанамен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, адамзатқа қажетті қызметтерді ұсынады, табиғи апаттардан қорғайды. Орман экожүйелері көптеген өсімдіктер мен жануарлардың мекені – мұнда қосмекенділердің 80%-і, құстардың 75%-і мен сүтқоректілердің 68%‑і мекендейді».
Тофер Уайт, National Geographic зерттеушісі
Ормандар жоғалған сайын биоалуантүрлілік те азаяды, экожүйелер жойылады, шөлейттену процестері дамып, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасы ғайып болады. Осы факторлардың барлығы жергілікті халықтың экономикалық және әлеуметтік осалдығына тікелей әсер етеді, себебі орман алқаптарының азаюы ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.