Амазонка жағасын жайлаған тұрғындар қуаңшылық зардабын тартып отыр

Әлемдегі ең ірі өзен – Амазонка жағасында тұратын халық та қуаңшылық зардабын тартып отыр.

Маусым айынан бері оның бассейніндегі өзендерде су деңгейі төмендеп кеткен. Жұрт қазір нәпақасыз қалдық деп уайымдап отыр.

Амазонка өзені Бразилия аумағы арқылы өтеді. Климаттың өзгеруінен елдің біраз бөлігін қуаңшылық жайлаған. Сосын биыл жауын-шашын да жөнді жаумай отыр. Содан жаздан бері Амазонка бассейніндегі өзендердің барлығында су деңгейі төмендеп барады. Мысалы, елдің солтүстік-батысымен ағатын Рио-Негро өзеніндегі көрсеткіш былтыр 24 метр болса, қазір 21 метрге жетер-жетпес. Салдарынан соя мен жүгері сияқты астық тасымалдайтын баржалардың қатынауы қиындаған. Компаниялар кемелерін басқа порттарға бағыттап, шығынға батуда. Балықшылар да табыссыз қалғандарын айтады.

Луис Лима, балықшы:
- Өзен қатты құрғап барады. Бұл біз үшін ең қиын маусымның бірі болды. Балық аулай алмай отырмыз. Алайда сендер табыссыз қалдыңдар деп ешкім жеңілдік жасап жатқан жоқ. Қайықты қалдырғанымыз үшін күзетшіге күнде ақша төлейміз. Шығынға батып жатырмыз. Бірақ ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз.

Су деңгейінің күрт төмендеуінен бизнес қана емес, тұрғындар да жапа шегіп отыр. Шағын шаруашылығының арқасында өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жұрт суаратын су таппай әлек. Кезінде су бетіндегі қалқымалы үйлер қазір құрғақ жерде тұр.

- Мұнда қарт кісі көп. Олар мындай жағдайды бірінші рет көріп отырмыз дейді. Әкем де солай айтады. Менің жасым да біразға кеп қалды. 57-демін. Бірақ су деңгейінің осындай төмен болғанын алғаш көруім.

- Жергілікті жұрттың көбі егіншілікпен айналысады. Ал суды өзеннен алады. Енді басқалары балық ауламен күн көреді. Қазір барлығы да қиын жағдайда қалып отыр.

Мамандар биыл екінші жарты жылда мол жаңбыр жауады деп күткен. Бірақ болжамдары расталмады. Су деңгейінің төмендеуі аздай, біраз аймақта орман өрті басылмай тұр. Бразилия бойынша 9 мыңнан аса өрт шыққан.

Ал елдің 250-ге жуық қаласында ауа ылғалдылығы Сахара шөліндегі көрсеткіштерге таяп қалған. Кейбір өңірде жаңбырдың жаумағанына 3 айдан асып кеткен. Мамандар былтырғы жағдай қайталана ма деп кауіптенеді. Өткен жылы Амазония бассейніндегі өзендердегі су деңгейнің төмендеуінен елдің солтүстік-батысындағы Амазонас штатындағы 62 муниципалитеттің 42-сінде төтенше жағжай жариялауға тура келді. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова