Талайды тамсандырған Шанхай мұражайы (ФОТО)
Шанхай озық технологияларынан бөлек өзінің мұражайларымен де әйгілі. Олардың ішінде Көлік музейінің орыны бөлек.
Шаһардың Цзядин ауданындағы жасыл энергияны дамыту өндірістік паркінде орналасқан 3 қабатты музейді кейде «автолувр» деп атайтындығы да сондықтан. Оны көрген адам мұны бірден байқайды, сезінеді.
Кіреберісі жұпыны ғана безендірілген мұражайдың іші Қытай мен әлем елдерінің көлік тарихынан сыр шертетін темір тұлпарларға толы. Әлемге танымал компаниялардың алғаш шығарған автокөліктерінен бастап аз данамен жасалған модельдерді осы жерден көруге болады.
Мұражай 2007 жылы қытай мен неміс автобірлестіктерінің бастамасымен ашылған. Аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатқан ғимарат тарих, технология, көне көліктер мен сирек құнды автомобильдер және әйгілі брендтер сияқты бірнеше павильоннан тұрады.
Алғашқы экспонат көне арба дөңгелегі мен төрт атқа жегілген екі дөңгелекті арбаға мінген адамнан басталады. Шанхайда тұңғыш көлік осы арбаның негізінде құрылған. Бұл жәдігердің қасында Мин әулеті кезіндегі ағаш кеме, ескі паровоз, күйме, велосипед, әуе шары, жер серігі, ғарыш кемесі тізбектеліп қойылған. Бірақ бұл кездейсоқтық емес. Олар Қытайда автокөлікпен бірге шайтан арбадан бастап теңіз, әуе, теміржол көлігі мен ғарыш кемесінің даму тарихын көрсетеді.
Ал мұражайдың автокөліктерге арналған бөлігі әлемге танымал компаниялардың ертеде шығарылған сирек, құнды модельдерінен басталады. Мысалы, 1907 жылы шыққан Cadillac M моделі. Бұл – әлемде алғаш стандартталған автокөлік. Яғни машинаның кез келген бөлшегін екінші бір көлікке ауыстырып, салуға болатындай етіп жасалған. Осы ерекшеліктің арқасында Cadillac бірлестігі өте сапалы көлік жасаушы компания ретінде таныла бастайды.
Осы көліктің қасынан 1913 жылғы әйгілі америкалық Форд концернінің сол кездегі ең арзан Т модельді көлігін көруге болады. Ол небәрі 300 доллардай тұрған. Қарапайым америкалықтар оны 2-3 айлық жалақысына сатып ала алған. Осы себепті компания қожайыны Генри Фордты «бүкіл америкалықтарды автокөлікке отырғызған тұлға» деп те атайды.
Павильонда өткен ғасырдың 30-жылдардың ортасында жасап шығарылған, халық арасында «қоңыз» деген атаумен танымал Volkswagen Beetle көлігі қойылған. Ол да аса қымбат болмаған. Алайда Екінші Дүниежүзілік соғыстан оны шығару тоқтап қалады. Кейін өндіріс қалпына келтіріліп, компания көліктері жақсы сатылады.
Мұражайда Қытайдың жоғары лауазымды тұлғаларын алып жүру үшін арнайы жасалған «хунцы» деп аталатын көлікті көре аласыз. Ол қытай тілінен аударғанда «қызыл жалау» дегенді білдіреді. Бұл автомобиль 1958 жылы америкалықтардың Chrysler көлігінің негізінде жасалған. Оның шамдары Қытайда ежелде пайдаланылған шыраққа, радиатордың алдында тұратын торы болса желпуішке ұқсайды.
Мұражайдағы ең қымбат көлік – 1955 жылғы Mercedes-Benz. Екі кісілік шағын машинаның құны 4,6 миллион доллар. Әлемдегі ең ұзын жеңіл көлік Buick-ті де осы жерден тамашалай аласыз. Зауыттан 1958 шыққан темір тұлпардың ұзындығы 7 метр болады. Оның қарсы бетінде немістердің танымал BMW компаниясы шығарған Isetta деп аталатын ең кішкентай көлік қойылған. Пішіні жұмыртқа тәріздес автомобильдің есігі алдында болған, ал рулі болса соған бекітіліп, құрастырылған.
Мұражайда алпауыт елде алғаш шыққан велосипедтер мен мотоциклдер де бар. Ол кезде кей шайтан арбалар көліктерден де қымбат тұрып, тұрғындардың көбінің сатып алуға мүмкіндігі болмаған. Жалпы мұражайда 150-ге жуық көне құнды көлік қойылған. Әрбірінің өзіндік тарихы бар. Мұражай олардың кейбірін аукциондарда сатып алса, енді бірін коллекционерлер өздері келіп сыйға тартқан.
Авторы: Дәурен Ақашұлы, 24KZ