Оңтүстік Кореяда медбикелер мен қарттарды күтушілер тапшы

Оңтүстік Кореяда мамандарды балабақшадан бастап даярлайды, деп хабарлайды 24kz.

Балаларды мамандықтар орталығына экскурсияға апарады. Алайда елдегі төмен туу деңгейі мен халықтың қартайып бара жатқанына байланысты кадр тапшылығы байқалуда. Қандай мамандар жетіспейді? Бұл туралы тілшіміз Владислав Цой тікелей эфирде айтуға дайын.

Диктор:

- Владислав, мамандықтар орталығында не үйретеді?

Владислав Цой, тілші:

- Иә, шын мәнінде елде 12 жылдан бері мамандықтар орталығы жұмыс істейді. Мектеп жасына дейінгі балаларды сол жерге олардың қабілеттерін анықтау үшін алып келеді. Мысалы, егер балаға қазба жұмыстарын жүргізу ұнаса, ол болашақта жақсы археолог болуы мүмкін. Болашақ аспаздарға пиццаны өз қолдарымен дайындап, оны жеуге рұқсат беріледі. Бұл жерде барлығы шамамен жүзге жуық мамандық ұсынылған. Жылына бұл орталыққа шамамен 750 мың бала келеді. Жоғары сынып оқушылары өздерін заңгер ретінде сынап көруге мүмкіндіктері бар, ал сот процесінің қалай жүретінін оларға бұрынғы сот қызметкері-инструктор түсіндіреді. Орталықта тіпті ғарыш кемесі мен ұшақтың макеті бар. Мұнда оқушыларға ғарышкердің, пилоттың және әуебикеш жұмысын көрсетеді.

Диктор:

- Оңтүстік Кореяда қандай мамандар жетіспейді?

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда құрылысшылар мен зауыт, фабрика қызметкерлері, медбикелер мен қарт адамдарға күтім жасайтын мамандар жетіспейді. Бұл жергілікті тұрғындардың мұндай жұмыстарға барғысы келмейтінімен байланысты. Жұмыс күшінің тапшылығын шешу үшін Оңтүстік Корея шетелдік жұмысшыларды уақытша еңбек миграциясы бағдарламалары және жұмыс визалары арқылы белсенді түрде тартып жатыр. Төмен туу деңгейі мен халықтың қартайғанына байланысты адамдар ауылды жерлерде тұрғысы келмейді. Сондықтан ауыл шаруашылығы қызметкерлері де жетіспейді. Солтүстік Чолла провинциясында 39 жасқа дейінгі адамдарды ауылдарға тарту үшін 2021 жылы Ақылды фермалар алқабы жобасы іске қосылды.Бұл жоба аясында 8 ай бойы оқушыларды тегін оқытып, тіпті стипендия төлейді. Бұл орталықтың түлегі ақылды ферманы басқару жөніндегі сарапшы атанады.

Осы тәжірибені Алматы облысында қолдануды жоспарлап отыр, бұл туралы екі елдің өкілдері өткен жылы келісімге келді. Жақында ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Сеулге сапары барысында Корея білім министрлігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Мысалы, Корея өнеркәсіптік технологиялар институты мен Қазақстан металлургия және байыту институты сирек жер металдарынан материалдар мен компоненттерді өндіру технологияларымен алмасатын болады. Жобаны 2026-2030 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарлануда. Қазақстанда Оңтүстік Кореяның ең беделді техникалық университеті – Кореяның ғылым және технологиялар институтының кампусы ашылады. Бұл туралы келісім Тэджон қаласында жасалды. Инженерлерді бірлесіп даярлауды Қарағанды техникалық университеті мен Конгжу ұлттық университеті де жоспарлап отыр. «Дон-ый» университеті мен Қостанай университеті бірлесіп автомобиль өнеркәсібі үшін мамандарды даярлайды.

Авторы: Владислав Цой