Гуанчжоу компанияларының технологиялық жетістіктері (ФОТО)

Гуанчжоу компанияларының технологиялық жетістіктері (ФОТО)

Пилотсыз ұшатын такси, робот автобус, жүргізушісіз жүретін электромобиль, биоарал. Бір естіген адамға мұның бәрі тек фантастикалық киноларда ғана болатын болашақ технологиясы іспетті көрінер. Бірақ қазірдің өзінде оларды шығаруды қолға алып, жақсы жетістіктерге жеткен елдер бар.

Әсіресе шығыстағы көршіміз Қытай еліндегі бірлестіктердің дамуы таңғалдырады. Бұған Қазақстандағы Қытай елшілігінің еліміздің бірқатар БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған пресс-туры кезінде көз жеткіздік. Солардың бірі – Гуанчжоу қаласындағы EHang Intelligent Technology компаниясы.

Негізі 2014 жылы қаланған бірлестік ұшқышсыз ұшатын аппараттарды шығарумен айналысады. Компания айналдырған 10 жылдың ішінде жолаушыларды таcымалдайтын бірнеше дрон жасап шығарған. Олардың ішінде EH216-S және EHang VT-30 деп алататын екі кісілік әуе көліктері бар. Қос дронның бірі жолаушыларды қала ішінде тасуға арналса, екіншісі қала арасында қатынауға, яғни алыс қашықтыққа ұшады.  

Салмағы 650 келі болатын EH216-S қала ішінде сағатына 130 шақырым жылдамдықпен 25 минуттай ұша алады. Қаларалық әуе көлігі болса 100 минуттың ішінде 300 шақырымды еңсереді. Қос аппарат та электр энергиясымен қозғалады. Ал оларды басқару жерден жүзеге асырылады. Сол себепті кабина ішінде руль немесе ұшуды басқаратын панель сияқты дүниелер жоқ. Әуе көліктері биылғы жылдан бастап сатылымға шығарылған. Мұндай бір дронның құны 2 миллион 390 юань болады.

Жолаушыларды тасымалдайтын дроннан бөлек компания өрт сөндіру, жүк тасу және әуеден жерді бақылап, мәліметтер жинауға арналған ұшқыш апараттарды да жасап шығарды. Бұл дрондарға көбіне түрлі апат салдарымен күресетін қызметтер қызығушылық танытуда. 

Компания өнімдеріне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Мысалы, Аньхой провинциясының Хэфэй қаласы әкімшілгі бір ауданда ұшатын такси қызметін іске қосу үшін бірлестіктен 100 дрон сатып алған. Бейжің, Нанкин қалалары мен Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері де осындай мақсатта тапсырыс беріп алдырған.

Қазір бірлестіктің өзі де Гуанчжоуда жолаушыларды тасымалдау жағын қарастырып жатыр. Осы мақсатта шаһарда дрондардың ұшып, қонатын 130 кешен салуды жоспарлап отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл аппараттар көкке тік көтеріле алатындықтан олардың ұшып, қонуына 20 шаршы метр жеткілікті көрінеді.

Гуанчжоуда жүргізушісіз автономды технологияны дамыту саласында елеулі жетістікке қол жеткізген тағы бір компания – WeRide бірлестігі. 2017 жылы құрылған компания Robobus деп аталатын жүргізушісіз қозғалатын шағын автобус жасап шығарған. Сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүретін жолаушылар көлігі шаһардың бірқатар ауданында қолданысқа енгізілген. Қазір Гуанчжоуда осындай 50 автобус жүреді. Олар көбіне жақын жерлерге қатынайды. Бірлестіктің бұл қоғамдық көліктен бөлек жүргізушісіз таксилері мен көше тазалайтын көліктері қызмет көрсетеді.

Гуанчжоу көлік шығарушы компаниялары электромобиль саласында да ақылды технологияларды кеңінен қолдануға күш салып жатыр. Соның бірі – Guangzhou Aion New Energy Automobile бірлестігі. Ол өзінің кей модельдеріне жүргізушісіз қозғалу жүйесін енгізген. Сапардың бағытын белгілеген соң көлік діттеген жеріңізге өзі апарады. Бұдан бөлек кей темір тұлпарлардың орындықтарын дауыспен бұйрық беру арқылы жантайтып жазуға болады. Ал компания зауытында осындай бір электрокар небәрі 53 секундта жасап шығарылады.

Алып шаһарда жемісті жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – биоарал. Ол биомедицина саласында жергілікті және шетелдік компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарына өз жобаларын жүзеге асыру үшін, қолайлы жағдай жасау үшін құрылған. Қазіргі таңда аралда әлемге танымал академиктердің басқарумен 40-тан астам ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы, 24KZ