Тоғызқұмалақты 50-ден астам елде ойнайды. Шартарап

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі әлемі үшін Олимпиада ойындарынан кем емес. 21 спорт түрінен, 97 медаль сарапқа салынады.

Иә, бір қызығы атауы әртүрлі болғанымен, біздің ұлттық ойындарымызға қатты ұқсайды.

Тоғызқұмалақты 50-ден астам елде ойнайды

Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны екені белгілі. Дегенмен, әлемнің 50-ден астам елі бұл ойын түрін ойнай біледі. Әсіресе, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркияда, сондай-ақ, Еуропаның көптеген елінде тоғызқұмалақ бар, бірақ атауы басқа.

Мәселен, Түркияда тоғызқұмалақ мангала атауымен танымал. Бұл – түрік халқының зияткерлік ойыны. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, Мангала ойыны алғаш Гвинея түбегінде пайда болып, Африкада тараған. Кейбір зерттеушілер бұл ойынның 7 мың жыл бұрын шыққанын айтады. Ойынның ережелері ауызша жеткізілуі нәтижесінде әртүрлі нұсқалары пайда болды. Арабтар бұл ойынның Орта Шығыс пен Орталық Азияға тарауына бірден-бір себепкер. Ойын Үндістанға Ұлы Жібек жолы арқылы жетіп, онда Паллангужи деп аталған. Сөйтіп, Үндістан арқылы Тынық мұхиты аймағына таралды. Шри-Ланкада, Тайландта, Малайзияда, Индонезияда және Филиппиндерде бұл ойындар Сунка, Дакон және басқа атаулармен белгілі. Мангала ойыны 2020 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

«Бұл ойынның жасы Неолит дәуіріне келеді. Себебі археологиялық деректер мен ойынның ережелеріндегі символдар сол кезеңді көрсетеді. Неолит дәуірінде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қатар дамыды. Осы кезеңде адамдар ормандарды кесіп, егістік жерлерді дайындады. Осылайша, жаңа көзқарастар мен әлеуметтік өзгерістер ойындардың жаңа түрлерінің пайда болуына ықпал етті, бұл ойындар ойлау қабілетін дамытуға бағытталған».

Мақсат Шотаев, Әлемдік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы, Қазақстанның құрметті жаттықтырушысы

Овари ойыншылары бір-біріне үйленген

Батыс Африкада «Овари» деп аталатын ойын бар. Зияткерлік ойын шамамен, біздің заманымыздан 3,5 мың жыл бұрын пайда болған. Әлемдік этноматематик, антрополог зерттеушілер, бұл ойынды мектептерде пән ретінде енгізу идеясын көтерген. Деректерге сүйенсек, ойын оқушыны стратегиялық ойлауға үйретеді. Бір қызығы, «Овари» сөзі үйлену дегенді білдіреді. Аңызға байланысты, ерте кезеңде ер мен әйел арасындағы Овар ойыны ұзаққа созылғаны соншалық, олар ойнауға көбірек уақыт бөлу үшін үйленуге шешім қабылдаған.

«Бұл ойын тақталарын нақты бір кезеңге жатқызу қиын. Археологиялық қазба кезінде, 3 мың емес, 5 мың жыл бұрын өмір сүрген малшылардың 19 қорғанын тапқан едік. Овариге ұқсас ойын тақталарының бөліктері кездесті. Бұл ойындарының тарихи маңыздылығын ғана емес, сондай-ақ, сол замандағы халықтың ойлау қабілетін көрсетеді.

Вероника Ваверу, Йель университетінің археологы  

Әлемде тоғызқұмалаққа ұқсас тақта үсті ойындарының 400-ден астам түрі бар. Тоғызқұмалақ ойнай білетін адам бұл ойындарды тез әрі оңай меңгереді. Себебі бұл ойындар тоғызқұмалақ сияқты күрделі емес, ойын ережелері жеңілдеу. Басқа ойындарда құмалақ немесе тас саны аз болады. Айталық, овари мен мангалада 48 тас, ал тоғызқұмалақта 162 құмалақ бар. 

Күрес түрлері

Көшпенділер ойындарының бағдарламасына өзіміздің қазақ күресіне ұқсас, бірнеше елдің күресу өнері кірген. Соның бірі: маст-рестлинг.

Мас-рестлинг – бұл Саха халқының ұлттық спорт түрі. «Мас» сөзі якут тілінен «таяқ», ал «рестлинг» – күрес дегенді білдіреді. Бұл ойында екі спортшы таяқшаны жұлқу арқылы өзара мықтыны анықтайды.

Кураш – өзбек халқының ұлттық спорты. Екі қарсылас тік тұрып күреседі. Жекпе-жек дзюдодағыдай кілемшелерде өтеді. Курашта жатып күресуге тыйым салынады. Тек тік тұрып күресуге болады және тек лақтыру мен аяқтан қағуға рұқсат. Бұдан бөлек, белбеу күресі деген бар.

Ашыртмалы аба гүреші – түрік халқының дәстүрлі күресі. Бұл спортта спортшы белбеу мен күртешеден ұстау арқылы қарсыласын құлатуға тиіс. Балуандар арнайы тоқылған аба киімі мен қысқа балақты шалбар киеді.

Көрәш – татар халқының көне ұлттық белбеу күресі. О баста жиын-тойлардың көркін қыздыру үшін өтетін бұл күрес өнері уақыт өте келе жауынгерлерді шыңдайтын кәсіби дайындыққа ұласты. Бүгінде татар күресі халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби спорт түріне айналды.   

Алыш – қырғыз күресі. Бұл күреске ерлермен қатар әйелдер де қатыса алады. Алыш күресі көбінесе дәстүрлі киімдерде өткізіледі және балуандар белдесу кезінде бір-бірін белбеуден ұстап, шеберліктерін көрсетеді.

«Ордо» деген қандай ойын?   

Қазақтар асықпен Хан ойынын ойнаса, қырғыздарда Ордо бар. Бұл ежелден келе жатқан ойын. Ордо сөзі хан ордасы, сарайы дегенді білдіреді. Атауына сай, ойын шарты сол хан сарайын қорғау екен. Аталған ойын хандық билік құрған шақтарда пайда болған деген пікірлер бар. Диаметрі 12 метрлік шеңбердің ортасына хан ордасы ретінде тиын қойылып, 68 асық болады. Әр командада 7 ойыншы болу керек. Олар өз кезегімен ортадағы асықтарды қолдағы сақа асықпен соғу немесе шерту арқылы шеңбердің сыртына шығаруға әрекет етеді. Әр шығарылған асық үшін бір ұпай еншілейді. 

«Ордо – қырғыз халқында ежелгі заманнан бүгінге дейін сақталып келген ең танымал ойындардың бірі. Бұл ойын әскери стратегияны білдіреді, ішкі саясатты дұрыс жүргізу қабілетін көрсетеді. Халқымыздың осы ойынды сақтап қалғанына өте қуаныштымын және біз оны келешек ұрпаққа жеткізгіміз келеді».

Раушан Сыдыгалиева, Қырғыз диаспорасы үйлестіру комитетінің мүшесі

Бұл ойындардың көшпенділер ойындары ретінде аталуы бекер емес. Расымен де, әрқайсысының тактикасы бір-біріне ұқсайды.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Динара Орынтай