Көшпенділер ойындарын түрік арналары үздіксіз көрсетеді
Астанада өтіп жатқан көшпенділер ойындарынан әлемдік ірі агенттіктер мен телекомпаниялар және радиостанциялар хабар таратып жатыр.
Олардың арасында CNN, BBC, Euronews секілді жетекші ақпарат құралдары бар.
Ал туыстас түрік жұрты халықаралық жарысты сағат сайын тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Түрік спортсүйер қауымы қазақ күресінің «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс», «ескерту» секілді ережелерін жақсы түсінеді. Анадолыдағы жұрттың ұлттық ойындарымызбен танысуына TRT AVAZ арнасының үлесі зор. Өйткені 350 миллионға жуық көрерменге хабар тарататын түркі дүниесінің арнасы қазақтың дәстүрлі спорттық жарыстарын үзбей көрсетіп отырады.
Гөкхан Гүнайдын, спорт комментаторы:
- Техникалық ұжымымызбен бірге Астана мен Анкарада жасақталған студияда бірнеше сағатқа жалғасқан тікелей эфирімізді атқардық. Сәтті өтті. Екі жылда бір ұйымдастырылатын ортақ спорттық жарысымызға баршамыз осылай қолдау көрсетуіміз керек. Мәселен, олимпиадаларда садақ ату бар. Бірақ ат үстінде садақ ату жоқ. Күрес бар. Бірақ қазақ күресі жоқ. Көкпар, көкбөрі секілді. Мұндай шараларды жариялау міндетіміз. Түркілік борышымыз. Бұл мәдени әрі спорттық мұраны осы күйі өзгеріссіз келесі ұрпаққа жеткізу үшін, мұндай шаралардың маңызы зор. Әрине, көшпенділер ойындары алдында бірнеше апта бойы спорт түрлері бойынша ақпарат жинадым. Ережелерін қайталап шықтым.
Тікелей эфирге дайындық қатаң. Астанадағы секілді Анкарада да арнайы студия жұмыс істеп тұр. Дәстүрлі ойындар түрік тілінде жүргізілді. Ерекшелігі, комментатор әрбір спорт түрі алдында спорт жайлы ақпарат беріп, оның ережелерін түсіндіріп отырды.
Явуз Демир, TRT AVAZ арнасының техникалық директоры:
- Түркиядан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тікелей эфирде көрсету үшін арнайы келдік. Құрамымызда техникалық топ пен спорт комментаторымыз бар. TRT AVAZ арнасының аудиториясы да түркі әлемі. Сондықтан көшпенділер ойындарына келіп, хабар тарату әрі ақпараттық қолдау көрсету ортақ міндетіміз. Күнделікті бірнеше сағат бойы тікелей эфирге шығып жүрміз. Демалыс күндері қайталап көрсетеміз. Бұдан бөлек арнайы шығарылымдарымыз бар. Жаңалықтар ол міндетті.
«Жастарды адамгершілікке баулуда дәстүрлі ойындардың маңызы зор», - дейді түріктің белгілі комментаторы. Оның айтуынша, Қазақстанда ұйымдастырылған әрбір спорттық додада көрініс тапқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан оны анық байқауға болады.
Гөкхан Гүнайдын, спорт комментаторы:
- Біздің мақсатымыз - заманауи әрі дәстүрге сай өмір сүру. Мәселен, бізде «құлағанға жұдырық» деген жоқ. Дәстүрлі спорттық ойындарымызда спортшы жарақаттанып, құлап жатса, оның үстіне шықпайды, қолынан ұстап тұрғызады. Түркінің әрбір әрекетінде адамгершілік құндылығы жатыр. Біз Қазақстан барысы, Әлем барысы және Еуразия барысы жарыстарын көрсеттік. Балуандардың екі жақта киіз үйден қасқыр терісін жамылып шығуы, төрешінің нәтижемен келіспегенде қамшыны лақтыру арқылы қарсылық көрсетуі секілді бірқатар дәстүрлерді заманымызда қолдану керемет дүние. Көрермендеріміз осындай дәстүрлерді ұнатады.
Елордадағы көшпенділер ойындары жайлы ақпарат түріктің алдыңғы қатарлы TRT World, TRT Haber арналары, Анадолу агенттігі, Доған агенттігі, Хурриет пен Миллиет секілді мерзімді басылымдарда кең тарап жатыр. Бұдан бөлек түріктің белгілі блогерлері де Астанаға арнайы барып, халық пен спортшылар жайлы әлеуметтік желіде ақпарат беріп отыр.