АЭС испаниялық қалашықтың дамуына тың серпін берді

Атом электр станциясының салынуы Испанияның Трильо қалашығының дамуына тың серпін берді.

Аймақтың тұрғындары осылай дейді. 1988 жылы ашылған стратегиялық нысан елдімекеннің инфрақұрылымының дамып, азаматтарының әл-ауқатының жақсаруына оң ықпалын тигізген.

Біз қазір Мадридтен 140 шақырым жердегі Трильо атом электр станциясы қасында тұрмыз. Пиреней түбегіндегі корольдіктің дәл осы сияқты 7 реакторы бар. Бұл елге қажет қуаттың 20 пайызын өндіріп отыр. Басқаша айтқанда 15 млн шаңырақты энергиямен қамтамасыз етіп отыр.

50 миллионға жуық халқы бар Испанияда АЭС-тер негізінен елдің шығысы мен батысында шоғырланған. Ең жаңасы – Трильо – 1988 жылы ашылған. Содан бері мемлекеттің орталық бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Аталған жеті нысанды қоса есептегенде, былтыр елде 54 мың мегаваттан асатын электр энергиясы өндірілген.

Бұл соңғы 12 жылда испан АЭС-терінің ел энергетикасына тұрақты түрде қосып келе жатқан үлесі дейді сарапшылар.

Игнасио Аралусе, Foro Nuclear ұйымының президенті:
- АЭС – Испания энергетикасындағы тұрақтылық кепілі. Жел диірмендері мен күн панельдеріне қарағанда атом электр станциялары бір қалыпты, еш кідірусіз энергия өндіреді. Біздің елде қазір жел мен күнге басымдық беру талқыланып жатыр. Олар өндірістің дамуын тежейді дер едім. Тұрақтылыққа тағы бір балама қуат көзі ретінде газ бен көмір ұсынылады. Бірақ олар климатқа зияны орасан көмірқышқыл газын бөледі. Осы орайда әрі тұрақты әрі қауіпсіз деп АЭС-ті айтуға болады.

Ал бұл 1 000-ға жуық тұрғыны бар Трильо қалашығы. Реакторлардың жанында орналасқанына қарамастан, мұндағы өмір қызу қарбалас жүріп жатыр. Тарихы сонау орта ғасырлардан басталатын осы бір шаһардың гүлдене түсуіне атом электр станциясының оң әсері болды дейді тұрғындар.

Томас Серрато Роху, жергілікті тұрғын:
- Трильода туып, өстім. Осында тұрғаныма 68 жыл болды. Қалашық көз алдымда дамыды. АЭС салынғанға дейін ауыл шаруашылығымен ғана күнелтетінбіз. Оның өзінде жер тақыр, климат қатаң. Аса бір өнім жинала қоймайтын. Одан кейін осында шипажай мен АЭС салып, инфрақұрылым дамыды. Тұрғындардың жағдайы жақсарып, кірісі артты.

Джанет Ортега, жергілікті тұрғын:
- Ана ретінде балаларымның да өзімнің де денсаулығына еш қауіп жоқ деп ойлаймын. АЭС-тен зиянды қалдықтар сыртқа шығып, төгіліп жатқан жоқ. Оның қасында көмір станциялары мен өзге де өндіріс орындары көптеп залал келтіреді ғой. Талай жылдан бері осында тұрамын. Еш қиындық көрмедік.

Серхио Рекуэро, жергілікті тұрғын:
- АЭС-тің арқасында қалашықтағы халықтың өмір сүру деңгейі жақсарды. Сапалы білім мен медицинаға қолымыз жетіп отыр. Адамдар жұмыспен қамтамасыз етілді. Көшелеріміз тап-таза, үйлеріміз әдемі. Мерекелерімізді тойлап, еш уайымсыз өмір сүріп жатырмыз.

Қуаты 1 066 мегаватт Трильо АЭС-інің Мадрид пен орталық облыстарға жақын орналасуы қалашықтың стратегиялық маңызын арттырды. Өңір сейсмикалық тұрғыдан қауіпсіз саналады әрі реакторлар жұмысына қолайлы етіп Тахо өзенінің бойына салынған. Сол суды жергілікті халық та тұтынып отыр.

Хулиан, жергілікті тұрғын:
- Мына су ішуге жарамды. Тахо өзенінен келеді. Сіз де дәмін татып көріңіз.

Бұл өзен – Испанияның шығысындағы таулардан бастау алып, Атлант мұхитына құятын Пиреней түбегінің ең ұзын дариясы. Ауыл шаруашылығы мен туризмнен бөлек Трильо атом электр станциясындағы реакторларды суыту үшін қолданылады. Сол суды операторым екеуміз ішіп те көрдік. Жергілікті халықтың айтуынша, АЭС-тің өзенге, қоршаған ортаға еш кері әсері болмаған.

- Иә, дәмі қарапайым судың. Ешқандай бөтен дәм, иіс жоқ. Таза. Кәдімгі күнделікті қолданатын қарапайым су.

Трильоның суынан дәм татқызған Хулиан да, жетпісті алқымдаған ата-анасы да қалашықта туып өскен. Олар да өзге тұрғындар секілді өмірлерінің қалыпты, еш қауіпсіз өтіп жатқанын тілге тиек етті. Себебі олар үшін АЭС бүтін Испанияның ғана емес, туған шаһарларының тұрақты дамуының кепілдігіне айналған.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан