Қытайда тез қозғалатын робот таныстырылды
Қытайдың Фуцзянь провинциясында 24-ші халықаралық инвестиция және сауда көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
120 мың шаршы метрді алып жатқан технологиялық алаңды тамашалауға әлемнің 119 елінен іскер азаматтар мен саяхатшылар келген.
Сямыньдағы бұл жәрмеңке жасанды интеллект, гуманоидты робот, бұлттық есептеу және интернеттік құрылғылар саласындағы соңғы технологиялық жетістіктерге арналған. Онда 80-нен астам инновация қойылған. Әсіресе адам тәрізді құлтемірлер келушілерді түрлі қимылдарымен таңғалдырды.
Чжай Хуэй, көрмеге қатысушы:
- Бұл робот секундына 3,3 метр жылдамдықпен қозғалады. Ол денсаулыққа қауіпті саналатын орындарда адамдарды ауыстыра алады. Мұндай жерлерде ол еш қиындықсыз жүре алады.
Ал мына инновация жасанды интеллектіге негізделген. Оның ерекшелігі адам сияқты сөйлей алуында. Егер қаласаңыз, құлтемір сізбен тілдесіп, жаныңызда сенімді серігіңіз де болуға дайын.
Фу Пэнпэн, көрмеге қатысушы:
- Бұл робот ең заманауи жасанды интеллектімен жабдықталған. Тез қимылдайды. Кей дербес әрекеттерді автоматты түрде атқарады. Қызығы сол, робот үйдегі егде кісілермен әңгімелесіп, жанына серік бола алады. Келешекте оны ғылым және технологиялар көрмесіне орналастырмақпыз.
Өнертапқыштар жәрмеңкеде мұнан бөлек маңызды стартаптар мен виртуалды экспонат ұсынып, көптің назарын аударды. Ал қатысушы елдер жергілікті Қытай компанияларымен роботехника саласы бойынша екіжақты келісімдерге қол қойып, ауқымды инвестиция тартуға мүмкіндік алды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.