АҚШ-та қыран құсты атуға заңмен тыйым салынған. Шартарап
Қазақ күміс көмей әншісін бұлбұлға, аруларын аққуға, ержүрек жігіттерін сұңқарға теңейді.
Кей түрін қолға үйретіп, еті мен жұмыртқасын азыққа, қауырсыны мен жүнін төсекке қолданған. Көнеде хандар мен сұлтандар бақтарын көркейту үшін тауыс пен тотыларды ұстаса, қарапайым халық береке болсын деп, үйлерінде қарлығаш пен тырналарды ұялатқан.
Қазір де 75 мемлекеттің елтаңбасында құстың бейнесі бар. Қазақстан туында бүркіт бейнеленген. Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құсбегілік өнері бойынша, бүркітшілер сайысқа түспек. Жалпы, қазақ қыран баптап, тазы жүгірткен ел ғой, басқа елдерде бұл үрдіс қалай екен?
Иә, құсбегілік өнер әлемде кеңінен тараған.
Дубайда құсбегілік мәртебенің белгісі
2010 жылы қыран құспен аңшылық жасау адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне енді. Жеті қазынаның бірі болғандықтан ба, құсбегілік тек қазақтарға тән сияқты. Дегенмен, құспен бірге саятшылық құру Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Франция, Моңғолия, Морокко, Қатар, Словакия, Сирия, Чехия және Оңтүстік Корея елдерінің төл мәдени мұрасы деп танылған.
«Бүркітшілік қолыңнан келмесе сен нағыз араб емессің» дейтін шейхтар аңға салатын құстарының томағасын алтыннан құйып, інжу тастармен әшекейлейді. Қазірде Біріккен Араб Әмірліктерінен Мароккоға дейінгі аймақтарда сұңқар асырайтындар көп. 1975 жылы Дубайдың шөлді аймағында аң аулауға тыйым салынғандықтан, қазір бүркіт ұстау тек мәртебенің белгісі. Сондықтан оны сатып, бизнеске айналдырғандар көп.
«Ежелгі «Гильгамеш жайлы эпос» жырындағы жолдардан қазіргі Ирак аумағында 4 000 жыл бұрынғы саятшылық туралы деректерді көруге болады. Содан бері сұңқарларды қолға үйрету мен оларды жаттықтыру бүкіл әлем елдерінің мәдениетіне тарап кетті. Тутанхамон сұңқар бейнелі тұмармен жерленсе, гректер сұңқар ұстаған Зевс бейнеленген монета соққан. Байырғы жапон құсбегілерінің бірі, әлдебір әйел адам осы мәселе жөнінде трактат жазған деседі. Норвег көпестері Исландиядан әкелген ақсұңқарларды бүкіл Еуропаға сатқан».
Питер Гуин, National Geographic зерттеушісі
Дохада құс емханасы бар
Ал Қатар астанасы Дохада сұңқар тобына жататын құстарды емдейтін арнайы емхана бар. Орталық күніне жүзге жуық қанаттыны қабылдайды. Дәрігерлер күнде құстарға ота жасайды, вакцина салады. Өйткені олар көп жағдайда вирустық және зең ауруларына шалдығады. Өйткені, Қатарда сұңқар қымбат құс болғандықан, иелері ерекше күтеді.
АҚШ-та қыран құсты атуға заңмен тыйым салынған
Жалпы жер бетінде 50 миллиардтан астам құс мекендейді. Оның ішінде жыртқыштарының 420 түрі бар. Аңға шығатындары бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын, тұйғын, тұрымтай, қырғи, ителгі. Бұл құстарды аңшылар аңға салу үшін әуелі баулиды, қолға үйір етеді. Бұл іске америкалықтар да машықтанған. АҚШ заңына сәйкес, қыран тектес құстарды өлтіруге, жаралауға, сондай-ақ олардың ұяларын немесе жұмыртқаларын алуға тыйым салынған. Өйткені олардың мекендеу ортасының бұзылуы және аңшылық салдарынан бұл құстар жойылу қаупіне ұшыраған. 1960 жылдары олардың саны 400-ге дейін азайды. Бұл құстар 240 жылдан астам уақыт бойы АҚШ-та ұлттық символ ретінде танылды. Құмай және ақбас қырандар америкалық үндістер арасында қасиетті деп саналады.
«Техас штатында бүркітші болу оңай емес. Алдымен, бүркітші болуға ниет білдірген адам тәжірибелі құсбегіден тәлім алуы керек. 2 жылдық базалық білімді қалыптастырған соң, 100 сұрақтан тұратын тест тапсырып, 80 ұпайдан жоғары балл жинауы тиіс. Оны табиғатты қорғау басқармасы тексереді. Құсбегілікке қадам басу күрделі деңгейлерді қамтиды, дегенмен ежелгі өнерді меңгеру үлкен мәртебе деп ойлаймын».
Дон Ройбер, саятшы
Испанияда 3 мың құсбегі бар
Еуропаңызда да құсбегілік өнер қалыс қалмаған. Бельгияда 90-ға жуық бүркітші, ал Испанияда 3 мыңнан астам құсбегі бар деседі. Биыл да Көшпенділер ойындарында испаниялық құсбегілер алғаш рет бақ сынап көрмек. Алты жігіт араб шейхтерімен аң аулап, қоян қолтық жұмыс істейді. Тіпті ұшақ қызметіне кедергі келтіретін құстарды үркітіп, кәсіби түрде әуежай қорумен айналысады.
Луис Гихарро, құсбегі:
- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына құсбегілік бойынша қатысу мен үшін зор қуаныш. 20 жыл бұрын хобби ретінде бастап, қазір кәсібіме айналдырғам. Алдағы сайыста құс салудың испаниялық дәстүрін көрсетіп, өзге елдердің төл ерекшелігін үйренгім келеді.