Түркиялық спортшы Юсуф Дикеч атажұртты көруді армандайды

Париж олимпиадасында әлем назары түркиялық мергенге ауғаны белгілі.

Юсуф Дикеч тапаншамен нысана көздеуде көзге түсті. Франция астанасында күміс медаль еншілеген мерген Көшпенділер ойындарына арнайы құттықтауын жолдады.

Париж олимпиадасы кезінде тапанша ұстаған түрік мергені Юсуф Дикечтің суреті әлеуметтік желілерде кең таралды. «Менің атым Дикеч. Юсуф Дикеч», «Түркия олимпиадаға киллер жіберген бе?», «Леон» секілді мемдар көбейіп, түркиялық спортшы көрермендердің көзайымына айналды. Қазір сол дүбірлі додада алтынға бергісіз күміс иеленген Дикечтің бірде бір күні бос емес. Күнделікті ел ішінде жергілікті және шетелдік БАҚ-тарға сұхбат беріп, түрлі бағдарламаларға кестесі толы. Осыған қарамастан уақытын бөліп, емен жарқын әңгімелесуге мүмкіндік туды.

Алдымен Юсуф Дикечті жеңісімен құттықтап, қазақ жөн-жоралғысын жасадық. Баласының күні-түні тілеуін тілеп, жеңіске жетуіне себепші болған анасына алғыс айтып, камзол тарту еттік.

Юсуф көп жылдар бойы Жандармерияда қызмет істеген. Қазір зейнеттегі полицей. Кішкентай кезінде күреспен шұғылданған ол, тапаншамен нысана көздеу спортымен кәсіби түрде 28 жасынан бастап айналысқан. 

Юсуф Дикеч, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Спорттың бұл түрімен 28 жасымда әскери училищеде оқып жүргенде таныстым. Бапкерім дәл көздеп атуға ебімнің бар екенін байқады. Бірақ үздіксіз жаттығусыз жетістіке жету мүмкін емес. Осыны түсініп, тынбай еңбектендім. Түркия чемпионы болдым. Еуропада топ жардым. Кейін әлемдік жарыстарға қатыстым. Осы Олимпиадаға дейін 5 әлем және 4 Еуропа чемпионатында сайыстым. Бірақ Олимпиаданың орны бөлек. Оған ешқандай арнайы жабдықсыз қатысуымның бір себебі осы. 

Юсуф Мырза Олимпиадада жарыс кезінде сыртқы келбетіңізден ешқандай толқу байқалмады. Дегенмен қандай күйде болдыңыз? Қобалжу болды ма?

Юсуф Дикеч, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері:
-
Әрине толқу болды. Өйткені, жасым үлкен. Бірақ олимпиада жүлдесін алғым келді. Бұл менің бесінші Олимпиадам. Алтын алуды мақсат еткен едім. Оған көп дайындалдым. Бағым жанбады ма алтынды соңғы минуттарда уысымнан жіберіп алдым. Дегенмен халықтың үмітін ақтадым деп ойлаймын. Бұл еліміздің осы спорт түрінен тұңғыш медалі. Жарыста сабырлы болып көрінгенімен, біраз толқу болды.

Юсуф Дикеч халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылармен жиі кездесіп тұрады екен. Тілге байланысты шүйіркелесуге мүмкіндік болмапты. Десе де, бауырлас әріптестермен сәлеміміз түзу, туыстас болғандықтан қан тартады дейді. Армандарының бірі, атажұртқа барып, тұмса табиғатымен танысу. Бабалар жүрген жолмен жүру дейді.

Юсуф Дикеч, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін. Сондықтан барып көрсем деген арманым бар. Әсіресе, бүркіт пен тазы иттеріңіз керемет. Сол бүркітпен аң аулағым келеді. Құстарды өте жақсы көремін. Теледидардан көріп, қызығамын. Көшпенділер ойындарына да барғым келді. Дегенмен, бізде күн тәртібіміз қатаң. Алда жарыстар көп. Міндет пен меже бар. Бауырлас қазақ жұртындағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Өйткені, түркінің һәм көшпенділер өркениетінің тал бесігі – атажұртымыз Қазақстан. Осы мүмкіндікті қолдана отырып, қазақ бауырларыма дұғай-дұғай сәлем жолдаймын.

Юсуф Дикеч кәсіби мансабын жалғастыра бермек. Мақсаты 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін олимпиадада Парижде ала алмаған алтын жүлдеге қол жеткізу. Айта кетйік, Дикечке Париждегі күміс жүлдесі үшін құны 318 мың доллар болатын 600 руспублика алтыны берілді.

Авторы: Меруерт Қанағат