Газада балалар шатырда білім алып жатыр

Газада балалар шатырда білім алып жатыр

Былтырдан бері қарулы қақтығыс жүріп жатқан Газа секторының батысындағы Хан-Юнис қаласында балалар шатырда оқып жатыр.

Мектептердің бәрі қираған. 12 жастағы Фатима сабақтан қалмайды. Оқу құралын сөмкесіне салып алып, үйілген қирандының арасымен мектебіне барады. Мектеп деген аты ғана. Жай ғана шатыр. Негізі еш жағдай жасалмаған. Бұл жерде 200-ден астам бала білім алып жатыр.

Фатима, оқушы:

- Кәдімгі мектепті сағындым. Дұрыс оқи алмай жүрміз. Израиль әскері бізді лайықты түрде білім құқығынан айырды. Әлемнің көптеген елдеріндегі балалар еш алаңсыз оқып жатыр. Соларға қызығамыз.

Мұғалім: «Сабаққа келген балалар бір сәт бұл аймақта соғыс болып жатқанын ұмытып, білім әлеміне енеді», – дейді. Бірақ жеткіншектер күнде «шатыр мектепке» және кері қайтып үйіне жеткенше, жанын шүберекке түйіп, алаңдап отыратынын айтады.

Алаа Әбу Мұстафа, мұғалім:

- Бұл жерде тақта, парта, орындық және ауабаптағыштар атымен жоқ. Аптап ыстыққа төзіп, сабақ оқуға мәжбүрміз. Орын да жеткіліксіз. Оқушылар дәптерін тізесіне қойып, жазуға мәжбүр. Тақтамыз өте кішкентай. Бүкіл әлем елдерінен мына соғысты тоқтатуға күш салсаңыздар деп сұраймын. Балаларымыз кәдімгі мектепте оқыса деймін. Қатарынан қалып барады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 7 қазанында басталған соғыс салдарынан Газа секторындағы барлық мектептер жермен жексен болған. Содан бері 2 млн  200 мың палестиналық жылы орнын суытып, босқынға айналды.

Авторы: Ернат Мелсұлы