Ат жарыс – ең қауіпті спорт түрі. Шартарап
Көшпенділер ойындарының бүгінгі бәсін аламан бәйге қыздырады.
Жалпы бәйге бұл біраз елде бар, ат спортының бірі. Өзбектер оны пойга, қырғыздар ат чабыш дейді.
Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бәйгенің 5 түрі бойынша шабандоздар аламанға түседі. Ат құлағында ойнаған қазақ шабандоздарымен бірге, шетелдік спортшылар да бақ сынайды.
Ұлыбритания ұшқыр аттарды жарыстырады
Ұшқыр бәйгегеге халықаралық жылқы кітабына тіркелген және төлқұжаты бар ағылшын тұқымды аттарды қосады. Бәйгенің бұл түрі, қазір Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия, Канада және Сингапурде жақсы дамыған. Мәселен, Ұлыбританияда Royal Ascot корольдік бәйгесі өте танымал. Бұл тегіс жерде өтетін бәйге. Тарихы 1711 жылдан басталатын ат жарысты, британ королі мен патшайымы тамашалайды. Атақты Аскот ипподромы бәйгенің сол түріне арнап салынған. Бүгінге дейін ипподромның доға тәрізді қалпы өзгермеген. Қашықтығы 1 200 метрден 2 400 метрге дейін барады. Ал онда шабатын тұлпарларға қойылатын талап бар. Олар белгілі бір жас айырмашылығы мен тиісті санатқа сай болуы керек. Сондай-ақ, Дерби, Оукс, Гиней және Сент-Леджер сынды танымал ат жарыстары бар. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысады. Жалпы, Ұлыбританияда ат спорты танымалдылығы жөнінен футбол, крикет, бокстан кейінгі төртінші орында тұр.
«Аттар – нағыз мықты атлеттер, ал ат жарысы олардың жылдамдығы мен төзімділігін айқын көрсететін спорт түрі. Бұл спортта ат пен шабандоз арасындағы үйлесімділік ерекше маңызға ие. Сол арқылы жарыс шеберлік, стратегия және қуаныш сезімін қатар алып келеді.»
Ричард Хойлс, ат жарысы комментаторы, журналист
Ал Еуропада 19 ғасырда ат жарыстары кеңінен таралып, стандартталып, халықаралық деңгейде танымалдылыққа ие болды. Франциядағы және Ирландияның Irish Derby сияқты жарыстары әлемге танылды.
Жапондар ат жарысына бәс тігеді
Дегенмен, Еуропаға қарағанда Жапониядағы ат спорты әлдеқайда жақсы дамыған. Спорт сарапшылыраның бағалауы бойынша, жапон аттары Сауд Арабиясы, Америка, Еуропа елдерінің бәйгелерінде бас жүлдені қанжығалайды. Өйткені ат спортына жақсы жағдай жасалған. Мәселен, жапон тұрғындары үшін бәйге – құмар ойын сияқты. Өйткені бұл елде казино атымен жоқ. Сондықтан, спортқа бәс тігуге заңды түрде рұқсат. Одан түскен қаражат ат бәйгесі сапасының, кәсібилігінің жоғары болуына жұмсалады. Халық қызығушылығы жоғары болғасын, ат иелері соған сай қымбат, нағыз жүйрік тұлпарларды сатып алады. Әрі жүлде қомақты қаражат болғандықтан, мұндағы бәйгеге Германия, Англия, Францияның үздік жокейлері ғана қатысады.
«Қазірде ат жарысы қоғамның үлкен қолдауына ие. Ең бастысы – осы қоғамдық сенімді сақтап қалу және адалдықты қамтамасыз ету. Жапонияда шамамен 20 миллион жарыс жанкүйері бар. Бұл тек бәс тігу ойындарымен шектелмейді.
Масаюки Гото, Жапон ЖАРЫС ассоциациясының халықаралық істер жөніндегі атқарушы кеңесшісі
Ат жарыс – ең қауіпті спорт түрі
Жылқының да жаны бар. Оның темір машина емес, тірі жануар екенін естен шығармаған жөн. Жыл сайын әлемде жарыс кезінде мыңдаған ат мертігеді, опат болады,көз жұмады. Оған аяқ жарақаттары, жүрегінің жарылып кетуі, тыныс алу мүшелеріне зақым келуі сияқты факторлар себеп. Жарыста жылдам шауып, аяғына түскен ауырлықты сезбеуі үшін арнайы дәрі беретіндер көп. Жақсы нәтиже көрсету үшін, аямай ұрып-соққан бейнероликтерді аз көріп жүрген жоқпыз. Бизнесте жылқының жансыз тауардан айырмашылығы жоқ.
«Ат жарыстары барған сайын бәсекеге қабілетті болып барады. Аттар қажетті демалыс ала алмайды. Әсіресе Оңтүстік Калифорния секілді жұмсақ климатты жерлерде аттар жыл бойы жарысқа түседі. Ал оны жыл бойы жақсы қалыпта сақтау қиын.»
Рик Артур, Калифорния ат жарысы комиссиясының директоры, ветеринар
Ал тұлпардың мұраты озу дейтін қазақ жылқы баласын аялап, мыңжылдықтар бойы қатар өмір сүріп келеді. Қашса құтылып, қуса жеткен жауға шабар сенімді серігі болды. Қазақ сол себепті, жылқыны жанындай жақсы көреді.