Отандық цифрлық жоба Түркияда қолданыла бастады
Түркі дүниесінің аралас-құралас бір қыры цифрландыру.
Біздің елде мемлекеттік қызметтен бастап, мектептегі дәрістерге дейін электронды форматта өтеді.
Қазір отандық ІТ мамандар әзірлеген жобалар әлемдік нарыққа шыққан. Солардың бірі оқушыларға цифрлық сауаттылықты үйрететін «Коди Плэй» платформасы – Түркия мектептерінде қолданысқа енгізіледі.
«Коди Плэй» жобасы оқушыларға компьютер тілі мен робототехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтірмей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазақстандық өнім аз уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің көптеген елдерінде мектеп бағдарламасына енгізілген.
Жанәділ Талдыбаев, жоба жетекшісі:
- Біз 2021 жылдан бері нарықтамыз. «Коди Плэй» жобасы бүгінде әлемнің 13 елінде қолданылуда. Біздің жобамызды жасауға бірнеше елдің ұстаздары мен ғалымдары атсалысты. Олардың қатарында университет профессорлары да бар. Негізгі мақсатымыз – балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Қазір Түркияда мемлекеттік, жекеменшік және халықаралық мектептермен жұмыс істеп жатырмыз.
Түркияда бұл бағдарлама әзірге бірнеше мектепте қолданысқа енгізілді. Тағы бірқатар білім ошақтары қазақстандық өнімді келер оқу жылында алуға ниетті.
Хаяти Октай, мектептер желісінің директоры:
- Біздің Ыстамбұлда 9 мектебіміз бар. Олардың барлығында бастауыштан бастап жоғары сыныпқа дейін компьютерді үйрену, цифрлық сауаттылық, бағдарлама жазу сияқты көптеген дәрістер өтеміз. «Коди Плэй» жобасымен жыл басында таныстық. Биылғы оқу жылында осы бағдарламаны бастауыш мектептерімізге енгізгелі отырмыз. Осыған байланысты мұғалімдеріміз арнайы дайындық семинарынан өтіп жатыр.
Кадер Өзтүрік, информатика пәнінің мұғалімі:
- «Коди Плэй» түрлі деңгейдегі мектеп оқушылары үшін дайындалған тапсырмалары бар өте ыңғайлы платформа екен. Бастауыш оқушылары үшін өте жеңіл бағдарламалау жобаларымен қатар, жоғары сыныптарға түрлі жарыстарға жоба дайындауға мүмкіндік беретін күрделі бағдарламалары бар. Бұдан бөлек мобильді қосымшаның болуы да қолдануға өте ыңғайлы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде креативті экономиканы дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтқан болатын. Дамыған елдерде креативті экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 10 пайызға дейін жетеді. Елімізде бұл көрсеткіш 2 пайыз шамасында. Сондықтан ІТ саласындағы жаңа жобаларды дамытып қана қоймай, оны өзге елдерге экспорттау заман талабы.
Авторы: Меруерт Қанағат