Қытай компаниялары цифрлық технологияның мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып келеді

Қытай компаниялары цифрлық технологияның мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып келеді

Жаһандану мен озық технологиялар кейінгі 10-15 жылда Қытайдың бұқаралық ақпарат саласына көп өзгеріс алып келді.

 

Дәстүрлі БАҚ электронды нұсқаға өтіп, әлеуметтік желілер арқылы хабар тарату қарқын алған. Бірақ заман ағымы оңай соқпаған. Алпауыт елде ондаған басылым жабылып қалған. Дегенмен жаһандық үрдіске тез бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып жақсы жетістіктерге жеткен компаниялар көп. Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қолдауымен еліміздің бірқатар БАҚ өкілдері осындай бірлестіктердің тіршілігімен танысып қайтты.

Шанхайдағы Shanghai United media group осы саладағы ең ірі корпорацияның бірі. Оның құрамында 20 БАҚ бар. Бірлестіктегі барлық басылым озық технологияларды пайдалана отырып, цифрлық форматқа көшкен. Әрқайсысының сайттан бөлек «Ватсапқа» ұқсас Wechat әлеуметтік желісінде жеке арнасы бар. Арнайы жабдықталған шағын студиялардан эфирге шығады.

Осының нәтижесінде қазір олардың платформаларында өз өнімдері мен қызметтерін жариялаушы компаниялар көп. Тіпті бейнероликтер саны бойынша бірлестік кей телеарналардан асып түседі.

Жаңа форматтағы медианың жарқын үлгісі ретінде The Paper басылымын айтуға болады. Бұрын «Oriental Morning Post» деп аталған газеттің әлем бойынша 300 мың ғана оқырманы болған. Бірақ басылым толығымен цифрлық жүйеге көшкеннен кейін олардың саны 300 миллионнан асқан. Олардың 10%-і Америкада. Газет шетелдегі танымалдығы артып, әр елдің белгілі саясаткерлерімен эксклюзивті сұхбат алу құқығын алды.

Қазір бұл БАҚ-тың 700 қызметкері бар. Олардың 400-і журналистермен редакторлар. Қалғаны техникалық мамандар мен маркетинг бөлімінің өкілдері. Басылым қызметкерлері күн сайын 1 мыңнан аса материал жариялайды. Tiktok желісінде өздері 700-дей, ал блогерлер және серіктестерімен бірге 2500-ге жуық бейнеролик дайындайды. Газеттің осы әлеуметтік желідегі парақшасына 42 миллионнан аса адам тіркелген.  

Қытайдың креативті индустриясы БАҚ сияқты көп өзгеріске ұшырап, жылдам дамып келе жатқан сала. Оған ішкі нарық, батыстық үрдістер, күшті мемлекеттік және аймақтық қолдау секілді факторлар зор әсер еткен. Guangzhou Leafun Culture Science and Technology Company бірлестігі мәдениет пен шығармашылық саласына маманданған. 1997 жылы құрылған компанияны жарықпен безендіру мен инсталяциялардың шебері деп атайды. Бірлестік өнер, мәдениет, туризм, ойын-сауық және тағы басқа салалармен байланысты іс-шараларға жарықтандыру, безендіру бойынша кешенді техникалық қолдау көрсетеді.  

Leafun алғаш құрылған жылдары бірінші болып LD экранын жасап, салаға күшті серпіліс алып келді. Технологиялық даму ондағы пикселдер арасындағы алшақтықты біртіндеп азайтып, монитордағы кескіндемені жетілдіруге мүмкіндік берген. 

Қазір компания аймақтағы ең маңызды іс-шараларға қызмет көрсететін жетекші ұйымға айналған. Мысалы биіктігі 600 метр болатын Шанхай телемұнарасының алғашқы көркем жарықтандыруын осы Leafun жасаған. Бейжіңде өткен Қысқы және Жазғы олимпиада ойындарының барлық жарық әсерлері мен дизайнын компания мамандары жүзеге асырды. Қытайдың орталық теледидарындағы жаңажылдық бағдарламаның дизайнына да ширек ғасыр бойы бірлестіктің мамандары дайындап келген. Компания әлемдегі ең танымал компьютерлік ойын «The Monkey King» үшін кеңістіктік есептеулер жасады.

Шанхай қысқа бейнефильмдер халықаралық орталығы да табысты дамудың үлгісін көрсетеді. Ол 20 жыл бұрын ойын карталарын шығаратын кәсіпорын ішінде құрылған. Оған жергілікті биліктің зауытқа экологиялық шағымы түрткі болады. Осы істен кейін компанияның шеберханалары біраз жылдай қаңырап бос тұрып, оларды шығармашылық салада пайдалану шешіледі. Компания бастапқыда өндірістік орындарды кинотеатр ретінде жалға береді. Кейін қысқа бейнероликтер түсіретін орталыққа айналдырады. 

Қазір мұнда түрлі тақырыпқа арналған 200-ге жуық арнайы түсіру алаңдары бар. Олар үй және іскерлік мақсаттағы деп екіге бөлінеді. Мысалы ас үй, дәмхана, мектеп сыныбы, метро пойызы, қала көшесі, ауруханадағы бөлме сияқты алаңдар бар. Олар фильмге түсіру процесінің шығынын азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Тұтынушылар бұл орындар бір жерде орналсақанымен ыңғайлы дейді. Себебі, бейнеролик түсіруге қажетті орындарды іздеп, уақыт жоғалтпайды әрі оларды қалауына қарай жылдам өзгертуге мүмкіндік бар. Қазір орталық компанияға жыл сайын миллиондаған юань табыс алып келіп отыр.  

Креативті индустрия нарығына тез еніп, бірнеше жыл ішінде осы саладағы ең үздік компанияның біріне айналған бірлестік 37 Interactive Entertainment. Гуанчжоуда орналасқан құрылым компьютерлік ойындар шығарады. Мұнда 4 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Компания Қытайда бірінші болып аутизмге шалдыққан балаларға арналған оқу компьютерлік бағдарламасын дайындап шығарған. Бірегей бағдарламаны қазір 300 мың адам пайдаланады.

Авторы: Дәурен Ақашұлы