Әлем елдеріндегі инватакси қызметі қалай жолға қойылған?

Мәселен Израильде таксидің бұл түріне лицензия арзан бағамен беріледі.

Мұндай такси қызметі үшін телефон желісі 24 сағат жұмыс істейді. Шақыру келген бетте көлік жарты сағат ішінде жетуге тиіс. Сондай-ақ автокөлік зауыттан 3 жыл бұрын шығарылған жаңа болуы керек екен.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- АҚШ-та инватакси арзан тұрады. Метро не автобус бағасымен бірдей 3 доллар. Сондай-ақ такси жүргізушілері үшін көлікті сатып алуға және жөндеуге көмекқаржы беріледі. АҚШ бойынша олардың саны 30 мыңға жуықтайды. Бір ғана Нью-Йоркте 4300 инватакси жұмыс істейді. Бұдан бөлек, инватакси қызметі Сан-Франциско, Чикаго мен Лос-Анджелесте кеңінен дамыған.

 

Ұлыбританияда инватаксиге былтыр 1 млн тапсырыс берілген

Британияда инватакси қызметіне былтыр 1 млн тапсырыс берілген. «Лондондағы транспорт» корпорациясы осындай мәлімет келтіреді. Ең көп сапар Лондон, Манчестер, Бирмингем және Глазгода жасалған. «Мұндай сұраныс инватакси қызметінің қолжетімді және ыңғайлы болуына байланысты», - дейді сарапшылар. Бұрын алдын ала жазылу керек болатын. Қазір ондай талап жоқ. Британияда инватаксиге тапсырыс беретін ұялы қосымшалар да кеңінен таралған.

 

Канадада инватакси қызметі бюджеттен қаржыландырылады

Канадада инватакси қызметі бюджет есебінен қаржыландырылады. Елдің Көлік министрлігі былтыр 1,5 миллиардтан астам доллар бөлінгенін айтады. Негізінен инватакси қызметін 2 компания атқарады. Олар ай сайын 40 мыңнан астам адамды тасымалдайды екен. Такси қызметі су тегін. Тек арнаулы сайтқа алдын ала тіркелу қажет. Жүйеге медициналық анықтама сияқты тиісті құжаттар жүктеліп, онлайн-сұхбат жүргізіледі.

 

Еуроодақ мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бірыңғай картаны сынақтан өткізіп жатыр

Еуроодақта мүмкіндігі шектеулі адамдар арналған бірыңғай карта сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірге оған «Кәрі құрлық» бірлестігінің 7 елі тіркелген. Бұл алаяқтықтан сақтайды және такси қызметін тез және кедергісіз алуға мүмкіндік береді. Сарапшылар Еуроодақта қазір мүмкіндігі шектеулі 100 млн адам деп есептейді. Бұл жасы 16-дан асқан азаматтардың 27%-і.

Авторы: Ернат Мелсұлы