Францияның Луар аймағындағы АЭС маңында 630 мың адам қоныстанған
Францияда жергілікті жұрт тұтынатын электр энергиясының шамамен 70%-і атом электр станциясында өндіріледі, деп хабарлайды 24kz.
Ал дәл осы аймақта жүздеген мың адам қоныстанған. Атом электр станциясы маңында өмір сүрудің қандай тиімді тұстары бар? Сол ауылдың біріне барған тілшіміз жергілікті жұртпен тілдесіп қайтқан еді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Бұл – Францияның Дампьер-ан-Бюрли елді мекені. Ауылдан бірнеше шақырым жерде АЭС орналасқан. Елдегі осы ең үлкен ядролық реакторлар паркінен шамамен 10 шақырымдай қашықта 630 мыңға жуық адам тұрады. 4 реакторы бар Дампьер атом электр станциясы Франциядағы электр энергиясының шамамен 7%-і өндіреді. Луар департаментінің тұрғындары 40 жылдан бері нысан маңында тұрады. Кейінгі жылдары ауыл халқының саны үш есе өскен.
Жак Меса, Жергілікті халықты ақпараттандыру комиссиясының президенті:
- Иә, АЭС маңында өмір сүрудің біраз ерекшеліктері бар. Бірақ станция жанындағы елді мекен тұрғындары атом энергетикасынан еш қорықпайды. Өйткені олар атом электр станциясының қауіпсіз екенін жақсы біледі. Оның үстіне АЭС жанында орын тепкен елді мекендер қазыналы аймақтарға жатады. Тұтас аймақтың экономикасы үшін де маңызы орасан.
Жергілікті тұрғындар электр станциясының жұмысымен жақсы таныс. Ондағы процесті тамашалау үшін нысанаға арнайы рұқсатпен кіріп, көре алады. Бірақ бақылаушы орган мен ақпараттандыру комиссиясы станцияға кім келсе де, ол қызметкер, билік өкілі, белсенді немесе қарапайым тұрғын болсын қатаң қадағалайды.
Лоран Бертье, Дампьер АЭС директоры:
- АЭС қайнаған тіршіліктің қақ ортасында орналасқан. Сол себепті мұнда қоныстанған жергілікті халықпен сенімді байланыс орнату өте маңызды. Мұндай сенім ашық пікір, үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарды Жергілікті ақпараттандыру комиссиясы депутаттар, қауымдастық өкілдері және тұрғындардың көмегімен жүйелі жүргізіп отыр.
Ауыл адамдары атом электр станциясының маңында тіршілік етудің тиімді тұстарымен бөлісуге дайын. Айтуларынша, жұрттың көбі нысан қолданысқа енгізілген кезде көшіп келген.
Блиц 1:
- Біз АЭС қауіпсіздігі үшін еш алаңдаған емеспіз. Тұрмысымыз жақсы. Станцияның салынуымен жаңа жұмыс орындары ашылып, сауда-саттық, медицина қызметінің дамуына ықпал етті. Жастар жұмыспен қамтылған. Бұл нысан болмаса, Дампьер елді мекені қазіргідей дамымас еді.
Блиц 2:
- Мен мұнда жұмыс барысымен келдім. Бірнеше жыл Дампьер АЭС-ында жұмыс істедім. Қазір саладан кеттім. Бірақ мұндағы тіршіліктің көңіліме қонғаны сол, біржолата қалуға шешім қабылдадым.
Блиц 3:
- Менің келіншегім осы ауылда туған, бірақ біраз жыл бұрын оқуға кеткен. Біз мұнда тұрақтап қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Ауылды бір көргеннен қатты ұнаттым. Халқы мейірімді, тұрмысы қолайлы. Ал АЭС-қа келсек, одан қорықпаймыз, өйткені халықтың қауіпсіздігі үшін барлығы жасалған.
Бұған дейін тек қой өсіруімен айналысқан жергілікті жұрт АЭС пайдалануға берілгелі тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауыл кейпі адам сенгісіз өзгерген. Дүкеннен бастап наубайхана, емдеу орындары, пошта, мейрамхана сияқты тұрмысқа қажеттінің бәрі жұмыс істеп тұр.
Орели Стромбони-Малер, наубайхана қызметкері:
- Иә, жанымызда АЭС орналаспағанда елді мекен сіз көргендей болмас еді. Наубайханамызда түрлі тағам дайындап сатамыз. Тұтынушыларымыздың басым бөлігі – станция қызметкерлері.
Франция көшелерінде гүлзарлар мен жасыл желек неғұрлым көп болса, өмір сүру сапасының ұлттық құндылығы соғұрлым жоғары екенін білдіреді. АЭС-ына жақын орналасқан Дампьер-Ан-Бюрли елді мекені аталған талапқа сай, айналасы жайқалған гүл мен жасыл желекке толы. Ауыл халқының да көңілі тоқ.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова