Су тапшылығы әлем үшін өзекті. Шартарап

Оны шешуге әр ел өзінше қарекет жасайды.

Бірақ рәсуа көп. Ауыл шаруашылығындағы шығынды айтпағанда, қаладағы жеке үйлердің өзі суды көп шығындайды.

Мысалы, Германияда 1 адам күніне 125, ал АҚШ-та 300 литр су шығындайды екен.

Ош қаласында су ұңғымалары мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр

Қазақпен бір туған қырғыз бауырлар үшін де су мәселесі өте өзекті. Елдегі екінші ірі қала, жарты миллионға жуық халқы бар Ош билігі тұрғындарды таза сумен толық қамтамасыз ету үшін су алғыш ұңғымаларды мемлекет меншігіне қайтара бастады. Қазірдің өзінде осындай 2 нысан әкімшілік қарауына өткен. Олар 2009 бен 2013 жыл аралығында Ош мэрі болған Мелис Мырзакматовқа тиесілі болған екен. Аталған 2 ұңғыма 50 мың үйге тіршілік көзін жеткізеді екен. Жеке қолда әлі 5 ұңғыма бар. «Ош қаласын кесіп өтетін Ақ-Буура өзені жаңбырдан кейін қатты ластанып, одан су алу қиындап, тіпті бірнеше күнге тоқтап қалады», - дейді билік өкілдері. Оның үстіне, биыл шаһарға маңындағы бірнеше ауыл қосылған. Содан бері су мәселесі одан сайын өзекті бола түсті.

Сонунбек Джунусбаев, Ош вице-мэрі:
«Президент әкімшілігінен арнаулы комиссия келгеннен кейін, 2 ұңғыма әкімшілік балансына ерікті түрде қайтарылды. Қазір олардан су жақсы беріліп жатыр. Әр ұңғымадан күніне 3 мың текше метр су ағады. Бұдан бөлек, әскери бөлім мен кәсіби лицейдің балансында тұрған ұңғымаларды әкімшілікке қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр».

Италияда ауызсу көзі мұздықтар азайып барады

Әлемде жерасты сулары мен өзендерге ғана емес, сонымен бірге мұздықтарға қарап отырған елдер бар. Соның бірі – Италия. Еуропалық мемлекет Альпідегі мұздарды ауызсуға айналдырады. Енді олар да тапшы бола бастады. Досде мұздығы кейінгі 5 жылда едәуір еріп кеткен. «Былтырғымен салыстырғанда мұздық 7 пайызға жұқарды», - дейді зерттеушілер. Негізі былтырдан бері тауға қар жақсы жауған, бірақ аптап ыстық одан да күшті болды.

Андреа Тоффалетти, Ломбардия гляциология қызметінің мүшесі:
«Біз Досде мұздығын үнемі өлшеп, қадағалап отырамыз. 90-жылдары оның аумағы 118 шаршы шақырым еді, қазір 70 шаршы шақырымға толмайды. Кейінгі жылдары ол жылдам еріп жатыр. Досде мұздығы 2023 жылы 22, алдыңғы жылы 15 метрге жұқарды. Қазір бұл аумақтағы температура түннің өзінде нөлден төмендемейді. Осы ғасырдың соңына қарай Альпідегі мұздықтардың 90 пайызы еріп, үлкен су дағдарысын тудыру қаупі төніп тұр».

Куба астанасында 600 мың адамға ауызсу жетіспейді

Су тапшылығының экономикалық себебі де басым. Оны Кубадан көруге болады. АҚШ санкциясынан 60 жылдан бері зардап шегіп келе жатқан елдің астанасы – Гаванада 600 мың адамға ауызсу жетіспейді. Үкіметтің өз мәліметі бойынша, мұндай су мәселесі барлық ірі қалада бар. Құбырлар мен сорғылар ескірген, ауыстыруға, жөндеуге қосалқы бөлшектер жетіспейді. Тіршілік көзін тасымалдау үшін көлікке жанармай жоқтың қасы. Елде электр жарығы да жиі өшеді.

Педро Мартино, су жеткізетін компания менеджері:
«Біздің міндетіміз – халыққа су тасу. Бірақ жеткізетін тіршілік көзі атымен жоқ. Су тапшылығына себеп көп. Құбыр тесіледі, қондырғылар істен шығады. Ең аяғы, электр тоғы үзіліп, жанармай таппай әлекке түсеміз».