Мажарстандықтар ескі су диірменін қайта іске қосты
Осы арқылы электр энергиясын өндіріп, ауылға тоқ беріп отыр.
Сөйтіп тұтас елді мекен көгілдір отын мен ақылы электр қуатынан бас тартқан.
Бұл – заманауи технологиядан алшақ Папатесер ауылы. Елді мекен халқы көгілдір отын мен ақылы электр қуатынан мүлдем бас тартқан. Өйткені мұндағы кей мемлекеттік ғимараттардың шатыры күн панелімен жабылған. Мұнымен қоса, үкімет ескі диірменді қалпына келтіріп, оны біртіндеп қолданысқа енгізуде.
Бела Вольфингер, Папатесер ауылының мэрі:
- Біздің ауыл 2 жылдан бері газды мүлдем пайдаланбайды. Кейінгі бір жарым жылда көгілдір отын бағасы тым көтеріліп кетті. Бірақ бұл біздің жағдайымызға еш әсер еткен жоқ.
Ауыл билігінің бұл бастамасын жергілікті халық та қолдап отыр. Тіпті, кейбірі тұрғын үйлерінің шатырына күн панелін орната бастаған.
Шандор Илько, кәсіпкер:
- Бар болғаны 10 киловаттық жүйе менің шеберханамды ғана емес, тұтас үйімді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.
Ал мына тұрғын су диірменін қайта қалыпқа келтіріп, оны жөндеумен айналысады. Өйткені су диірмені арқылы электр энергиясын өндіруі өте тиімді дейді.
Шандор Шварц, тұрғын:
- Білуімше, ауылда алғаш болып су диірменін қолға алғандардың бірі мен. Кейін басқалар да қолдана бастады. Осылай басталған процесс жалғасын табады деп үміттенемін.
Қайта жаңғырып, жаңа технологиялармен жабдықталған ауылға жас отбасылар қоныс аудара бастаған. Кейінгі бірнеше жылда 50 жанұя Папатесердің тұрғыны атанды. Енді ауыл билігі туристік секторды дамытуды жоспарлап отыр. Қараусыз қалған су диірмендерін қалпына келтіріп, оларды демалыс орындары мен шағын қонақүйлерге айналдырамыз дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева