Қазақстаннан Германияға көшіп барған немістер қазақ мәдениетін дәріптеп жүр

Қазақстаннан  Германияға көшіп барған немістер осы күндері қазақ мәдениетін дәріптеп жүр.

Туған жерге деген сағынышымыз бен құрметімізді осылай білдіріп, мауқымызды басып жүрміз дейді Гёппинген ауданындағы «Қазан» атты ұйымның мүшелері.

 «Қазан» сөзін береке мен бірліктің символы ретінде таңдап алған олар  Наурыз,  Абай күні, Республика күні секілді мерекелерді де үзбей атап өтеді.

Елге деген сағыныш, Отанға деген махаббат осы бір «Қазан» деген атауы бар мәдени демалыс орнының ашылуына арқау болған. Дәл қазір қасымда Валерий Освальд тұр. Осы бір ұйымның иесі.

Ақмола облысының тумасы Валерий Освальд осы орынмен аттас «Қазан» қазақстандық немістер қауымдастығына төрағалық етеді. Бізге алдымен кіреберістегі жас жеміс ағаштары жайлы айтып берді. Олар биылғы наурызда осы қауымдастық өкілдері мен қазақстандық дипломаттар еккен алма ағаштары екен. Әсем Алматыны еске түсіріп тұрсын деген ниет. Ауладағы алты қанат киіз үй де көзге оттай басылды. Бұл жерде ет жеп, қымыз ішу қазақстандық немістердің мереке сайынғы дәстүріне айналған. Ал ғимараттың іші атамекеннің сұлу көріністері мен қолөнер бұйымдарымен безендіріліпті. 

Валерий Освальд, «Қазан» ұйымының төрағасы:
-
Қауымдастығымызға мүше адамдар саны 100-ге жуықтады. Бұл әр мереке сайын келіп, іс-шаралар ұйымдастыруға қатысып жүрген белсенді отандастырымыз. Қонақ болып Германияның түкпір-түкпірінен келетіндер одан да көп. Өзге елдерден де меймандар жиі болып тұрады. 2016 жылдан бері талай мерекелер мен басқосулар өткіздік. Көпшілік киіз үйді қызықтайды. Қазақы дастарқан жайып, ет, қуырдақ, бауырсақ жеп, шай ішіп қайтқанды қалайды. Осы нысанды Абай үйі деп атап, Қазақстанның Германиядағы бір бөлігіндей қастерлеп қараймыз.

 «Қазан» қауымдастығы ғимаратында Абай мұрасына арналған арнайы бұрыш ұйымдастырылған. Онда ақын өлеңдерінің неміс тіліндегі аудармалары мен қазақ мәдениетіне қатысты кітаптар бар. Ұлттық киімдер мен қара домбыраны да байқауға болады.

Сергей Люфт, «Қазан» ұйымының мүшесі:
-
Қазақстанда туып, ас-суын ішіп өстік. Мал жаюға шыққанда кішкентай мені атқа бірге мінгізіп алып, сейіл құрып қайтатынбыз. Неміс баласы үшін ол аса қызық еді. Қазір жылы естелік болып жадымда қалды. Германияға көшіп келгелі 30 жылдай болса да, Қазақстанды әлі туған жерім деп сағынып отырамын. Сол сағыныштың әсерінен болу керек, осындағы немістерге Қазақстан жайлы көбірек айтып, таныстырғымыз келеді. Өзіміздің іс-әрекетімізбен қазақтың қонақжай кең пейілін көрсеткіміз келеді.

Фёдор Сальников, «Қазан» ұйымының мүшесі:
-
Киіз үй жайлы естеліктер әрдайым денемді  шымырлатып жібереді. Кейде осы «Қазан» ұйымының киіз үйінде қонып демалып қайтатынымыз бар. Таңертең оянған кездегі  бұлбұлдың сайрауы, қораздың шақыруы, сиырдың мөңіреуінен Қазақстандағы ауылда өткен балалық шағым есіме түседі. Ерекше сезім. Қазір осы жерге балаларымды әкеліп жүрмін.

Отанға деген сағыныш осылайша Қазақстан-Германия қарым-қатынасының беки түсуіне өзінше үлес қосып отыр. Алманияның түкпір-түкпіріндегі осындай ұйымдар екі елдің достығын ұлықтап қана қоймай, қазақ мәдениетін дәріптеуді де өздеріне мақсат тұтыпты. 

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан