Израильде суды үнемдеудің тың әдістерін тиімді пайдаланады

Әлемде 2 миллиард 200 миллион адам  ауызсудан тарығып отыр.

БҰҰ-ның деректері осындай. Ендігі амал – тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану.

Бұл орайда Израиль көш басында келеді. Мұнда ағын судың 90 пайызы қайта өңделеді. Яғни ысырап жоқтың қасы.

Израиль суды үнемдеу технологиялары бойынша жетекші елдің бірі саналады. Бұл түсінікті де. Өйткені ел аумағы кішкентай. Оның өзінде біраз бөлігін шөл дала алып жатыр. Тіршілік нәрінің 70 пайызы ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне жаратылады. Сондықтан израильдіктер оны ақылмен жұмсауды үйренген. Фермерлер тамшылатып суару әдісін қолданады. Оның үнемдеу ғана емес, басқа жағынан да тиімділігі зор. Мысалы, ағын сулар пайдаланылады. Сапасы жоғары жабдық 15-20 жыл қызмет ете алады. Үнемдеген ұтады дегенді тіпті балалар да жақсы біледі. Жергілікті мектептерде жаңбыр суын жинау жүйелері орнатылған. Оның 90 пайызы әжетхана қажеттіліктері мен ғимарат ішін тазалауға жаратылады. Сосын еврей елінде теңіз суын тұщыту қондырғылары көп. Халықтың 55 пайызы сондай өңдеуден өткен суды тұтынады. Кәсіпкерлер де мұны құптап отыр. Мысалы, жергілікті бассейндер мен жуынатын орындардағы су кәріз жүйесіне ағызылмай, арнайы қондырғыға түседі. Сол жерде тазартудан өтіп, қайта қолдануға жарамды болады. Нәтижесінде мұндай орындардың шығыны екі есе азайған. 

Австралия суды тұщытудың жаңа технологиясын ойлап тапты

Ал Австралияда жаңбыр суы кеңінен қолданылады. Оны ауыл шаруашылығында, тұрмыста, жүзуде, тіпті құрылыста пайдаланады. Соның нәтижесінде австралиялықтар тіршілік нәрін айтарлықтай үнемдейді. Мұнда қуаңшылық жиі қайталанады. Осындай кезеңде жаңбыр мал үшін қосымша су көзіне айналады. Елдегі барлық тіршілік нәрін тұшытудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Ол термодиффузия негізінде жұмыс істейді. Сонда судағы компоненттер ыстық жерден суық жерге қарай жылжиды. Әдетте бұған көп уақыт кетеді. Бірақ ғалымдар диаметрі бір миллиметрлік каналдар арқылы суды қайта-қайта айдау арқылы ол уақытты бірнеше минутқа дейін қысқартқан. Суды тұщытудың дәстүрлі әдістеріне энергия көп жұмсалады. Сосын қымбат материалдар қажет. Үнемі қызмет көрсетіп отыру керек. Ал мына технологияның көмегімен шығындар азаяды дейді ғалымдар.

Сингапур су ресурстарын зерттейтін ірі орталыққа айналып келеді

Сингапурдың үнемдеу тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлықтай. Мұнда судың 40 пайызы Малайзиядан келеді. 30 пайызын «НьюУота» технологиясының көмегімен ағын суларды тазарту арқылы алады. Өңдеуден өткен тіршілік нәрі негізінен өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда қолданылады. Қажеттіліктердің 20 пайызын тұшыту технологиялары қамтамасыз етеді. Ал қалған 10 проценті су жинайтын бассейндер есебінен шешіліп отыр. 2006 жылдан бері мемлекет су ресурстары бойынша ірі зерттеу орталығына айналу үшін салаға көп қаржы бөліп келеді. Қазір мұнда тиісті бағытта 70 жергілікті және шетелдік компания жұмыс істейді. Олар 2060 жылға қарай суды тұшыту көлемін 3 есе арттыруды жоспарлап отыр.    

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева