Ұлыбритания ормандарын жасанды интеллект қорғайды

Ал Ұлыбритания ғалымдары ормандағы өртті хабарлайтын құрылғы жасады.

Тың технология қиядағыны байқап, от шықса шұғыл дабыл қағады.

Жоба авторлары жақында жыл сайынғы халықаралық Джеймос Дайсон сыйлығын иеленді. Енді бұл құралдың ерекшелігі неде?

Pyri деп аталатын бұл құрылғы биоматериалдан жасалған. Қарағай жаңғағына ұқсас. Жасанды интеллектіге негізделіп құрастырылған. Ол орман өртеніп, қызған кезде дереу радио дабылын жібереді. Содан кейін хабарды алған шұғыл әрекет ету қызметі ол жерге өрт сөндіру бригадасын аттандыра алады.  

Блейк Гудвин, жоба авторы:
-
Құрылғы қызған кезде ондағы шағын сенсор іске қосылып, ондаған шақырымға дейін радио дабылын жібереді. Ол балауыз, көмір және композит сияқты табиғи материалдан жасалған. Электр энергиясы арқылы жұмыс істейді. Қуатты жылудан, күннен алатындықтан пайдалану мерзімі шексіз.

Құрылғыны орман алқабына әуеден ұшақ арқылы тастауға немесе алыс маңнан лақтыруға болады. Сынбайды, қуаты таусылмайды. Сезімтал датчиктері берік қапталып қорғалған.

Ричард Александр, жоба авторы:
-
Құрылғының тиімділігін байқау үшін далалық сынақтар өткізуді жоспарлап отырмыз. Pyri шалғай аудандарда өте жақсы жұмыс істейді. Сондықтан үлкен аумақты қамтығымыз келеді. Әр елдегі ұлттық саябақтармен серіктестік орнатуға әзірміз.

Ғаламды жаһандық жылыну жайлаған тұста орман өрті тым жиілеп кетті. Ал мына құрылғының тілсіз жаудың алдын алып, оны ерте анықтауда тиімділігі орасан дейді сарапшылар.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева