«Тоқырауын толқындары» Түркияға барды
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталған бетте, номадтардың мәдениеті мен салт-дәстүр күндері Түркияның Анталия қаласында жалғасты.
13 қыркүйекте басталған Көшпелі елдердің фестивалі бірнеше күнге созылды. Оған біздің елден Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының жарты ғасырлық тарихы бар «Тоқырауын толқындары» халық-фольклорлық ансамблі қатысты. Аты аңызға айналған өнер ұжымы Анадолы жерінде қазақ әуенін әуелетті. Ұйымдастырушылар аталған фестиваль көшпелі елдердің мәдени мұрасын, сан ғасырлық шығармашылығы мен ата дәстүрін таныстыруды және насихаттауды мақсат тұтады дейді.
Мухиттин Бөжек, Анталия қаласының мэрі:
- Анталияда көшпенді халықтардың үшінші фестивалі өтті. Жалпы 20 мемлекеттен өнерпаздар келген. Олардың арасында Балқан елдері, Орталық Азия, Қазақстан бар. Қазақ елінен келген «Тоқырауын толқындары» ансамбілінің өнеріне тәнті болдық. Соларға қарап қазақ мәдениетін кеңінен таныдық.