ЮНЕСКО мұрағаты Қазақстанға қатысты құнды құжаттар топтамасын ұсынды

Парижде ЮНЕСКО ұйымына қарасты халықаралық зияткерлік ынтымақтастық институты 100 жылдығын атап өтті.

Мерейтой қарсаңында ұйым мұрағаттағы маңызды мағлұматтарды көпшілік назарына ұсынды. Олардың арасында Қазақстанға қатысы бар құнды құжаттар да бар.

ЮНЕСКО-ның ғасырлық тарихында қорда сақталған құнды құжаттардың санында шек жоқ. Олардың бәрін сөреге тізер болса, 10 шақырым жерді қамтуы мүмкін. Сол мұрағат қорының тек 5 %-ы сандық жүйеге көшірілген. Қазақстан туралы алғаш рет 1950 жылдардағы әлеуметтік журналда тілге тиек етілген. Онда көшпелі халықтың даму қарқыны баяндалады. Әсіресе, Теміртаудағы тіршілік, Алматы шаһарының зілзалаға төзімділігі мен Ә.Қастеев атындағы музейдің жобасына ерекше тоқталады. Ал бейнеқорда ақбөкендердің орналасу аймағы, Түркістан мен Отырар ескерткіштерін қалпына келтіру кезіндегі құнды кадрлар сақталған. Ресми құжаттардың қатарында ЮНЕСКО аясында атап өтілген ұлы Абайдың 150 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1 100 жылдыққа арналған мағлұматтар да бар. Тарихшы ғалымдар ұйым мұрағатын зерттеуге ерекше қызығушылық танытып отыр.

Асқар Әбдірахманов, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі:
-
Соның ішінде Қазақстан ЮНЕСКО-ның мүшесі болғаннан бері, 1992 жылдан бері қазақ халқының әлемнің мәдени қазынасына қосқан жауһарлары үлесінің көріністері осы ЮНЕСКО архивтерінде де сақталуда. Осыған орай бүгін ЮНЕСКО-ға архивтердің болашақ ұрпақтарымызға тарихымызды, мұраларымызды жеткізудегі рөлі жөніндегі халықаралық конференция өтуде. Және осы жұмыс аясында Қазақстан архившілерінің, қазақстандық мамандардың ЮНЕСКО-мен, шетелдік мамандармен ынтымақтастықты нығайту амалдары да талқылануда.

ЮНЕСКО-ның халықаралық зияткерлік ынтымақтастық институтының негізін қалаған Мари Кюри, Томас Манн, Пабло Пикассо, Альберт Эйнштейннің адамзат тарихына қосқан ауқымды үлесі туралы құжаттар ұйымның мұрағатында сақтаулы тұр. Институттың 100 жылдық мерейтойына орай, сол тарихи тұлғаларды танып-біліп, еске түсіру үшін ұйым тарихшы, мұрағатшы, жазушылар мен гуманитарлық сарапшылардың басын қосты.

Симона-Мирела Микулеску, ЮНЕСКО бас конференциясының президенті:
-
Бұл шара ЮНЕСКО-ға мүше елдер мен қатысушылардың ынтымақтастығын арттыру үшін, оларды ұйым мұрағатын сақтауға ынталандыру үшін қажет. Бұл ЮНЕСКО-ның миссиясын одан сайын тиімді ете түседі. Жуырда мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мәдениет саласы бойынша ынтымақтастықтың керемет үлгісіне куә болдым. Ал біздер әлемнің тарихын түгендеген мұрағатымыздағы құнды мұраларымызды сақтауымыз қажет.

ЮНЕСКО мұрағаты құжаттық мұраны сақтауға атсалысатын «Әлем жады» бағдарламасына енгізілген. Өткенге көз жүгіртпей, келешекті болжау қиын. ЮНЕСКО қордағы құжаттардың тарихты сөйлетіп, өткеннен көп ақпар беретініне сенімді. «Тек мұрағатты ақтарып, зерттеу қажет», - дейді ұйым өкілдері.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Алия Сыздыкова