Әлемде жұмысшы құқығы қаншалықты сақталуда?
Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, он елдің сегізінде қызметкерлерге еңбек шарттарын жақсарту туралы ұжымдық келіссөздер жүргізуге рұқсат етілмейді екен, деп хабарлайды 24kz.
Ал кәсіподақтардың пәрмені қандай?
Жаһандық индекс құруда 151 елдегі жағдай сараланған. Солардың ішінде еңбек етуші құқықтарының сақталуы бойынша ең қиын ахуал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада. Аталған өңірлердегі елдердің көбінде ұжымдық келіссөздер жүргізу, кәсіподақты тіркеу не оның құрамына кіру құқықтары бұзылған. Биыл жұмысшылар үшін ең қолайсыз мемлекеттердің ондығына Бангладеш, Беларусь, Эквадор, Египет, Эсватини, Гватемала, Мьянма, Филиппин, Тунис пен Түркия кірген. Ал үздіктер қатарында Австрия, Дания, Норвегия, Германия секілді Еуропа елдері тұр.
Индекске 151 мемлекет кірсе, соның 131-інде ереуілдерге қатысуға қатысты заңбұзушылықтар тіркелген. Мысалы, Францияда зейнет жасы туралы реформаға қарсы наразылық акцияларынан кейін Еңбек конфедерациясындағы мыңнан аса адам сотқа тартылған. Десе де, мамандар «оң бетбұрыс та жоқ емес», дейді. Олар АҚШ-ты мысалға келтіреді. Мұнда жұмысшылар мен кәсіподақтар жақсы нәтижеге қол жеткізді. Детройттағы автомобиль құрастырушылар кәсіподағының ұйымдастырған наразылық шарасының нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы көтерілген. Голливудтағы ереуілдер кезінде сценарийшілер мен актерлер өз жұмыстарында жасанды интеллектінің қолданылуын шектеу туралы талаптарын орындата алды. Сонымен қоса, жалақысын көтеру бойынша да келісімге келе алды.
Жапонияда жұмыстан шығу оңай шаруа емес
Осы АҚШ-та жұмыстан шығару кезінде жәрдемақы төлеу туралы заң жоқ. Бәрі компания басшылығы мен қызметкер арасындағы жеке келісімшарт негізінде шешіледі. Ал Италия еңбек заңдары қатаң сақталатын елдердің қатарына кіреді. Мысалы, әйелдің тұрмыс құрғанына бір жылдан аз уақыт өтсе, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Бразилияда компания басшысы штаттағы адамды қызметінен босататын болса, бір айлығын, демалыс бойынша төлемдері мен айыппұл төлеуге міндетті. Айыппұл мөлшері қызметкердің еңбек өтіліміне байланысты. Ал Жапонияда қазір қызметкерлердің жұмыстан шығуына жәрдемдесетін сарапшылардың қызметіне сұраныс артып келеді. Мұнда адамдар бір мекемеде жылдап жұмыс істейді. Кейбіреулері тәулігіне 12 сағат еңбек етуге мәжбүр. Үйге ерте қайту не демалыс алу жағы оңай шаруа емес. Ал жұмыстан шығу одан да қиын. Өйткені бұл басшылықты құрметтемеу деп саналады. Сондықтан жергілікті жұрт мәселені заңды түрде шешіп беретін фирмалардың көмегіне жиі жүгінетін болған.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева