NASA Айға ядролық реактор орнатады. Шартарап
Әлемнің кейбір елдері Айға атом электр стансасын саламыз деп күпініп отыр.
Бұл қатарда АҚШ, Қытай, Үндістан бар. Олардың түпкі мақсаты не?
Ресей, Қытай мен Үндістан Айда АЭС салады
«Ресей, Қытай мен Үндістан Айда атом электр стансасын салады». Бұл туралы Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев айтты. Мәлімдеме көршілес елдегі Владивосток қаласында өткен «Шығыс экономикалық форумда» жасалған. Бірлескен жобаның мақсаты – Айдағы болашақ база үшін 0,5 мегаваттқа дейін атом қуатын өндіру. Мамандар бұл жеткілікті энергия деп отыр. Негізі Ресей мен Қытай Айда халықаралық станса салу идеясын алғаш 2021 жылы айтқан болатын. Оның құрылысы 2035-2045 жылдар аралығына жоспарланған. Ал Үндістан 2040 жылға қарай Айға ғарышкер басқаратын әуе кемесін ұшырып, ол жақта арнаулы база жасауға ниетті екенін жеткізген.
Алексей Лихачев, «Росатом» корпорациясының бас директоры:
«Біз енгізуді сұрап отырған жаңа шешім – Айда жарты мегаваттқа дейін энергия қуаты бар атом электр стансасын салу нұсқасы. Айтпақшы, бұған халықаралық қауымдастықтың қатысуымен біздің қытайлық және үнділік әріптестеріміз үлкен қызығушылық танытып отыр. Біз бірнеше халықаралық ғарыш жобасын қолға алуға тырысып жатырмыз».
NASA Айға ядролық реактор орнатады
Айда АЭС салу идеясын негізі алғаш NASA айтқан. Олардың мерзімі тіпті жақын. АҚШ-тың Ғарыш басқармасының мамандары 2030 жылы Айда ядролық реактор салуды жоспарлап жүр. Нақты іс баяғыда басталып кеткен. NASA 2022 жылы 3 компанияның инженерлеріне Ай бетінде тұруға лайықты, қуаты 40 киловаттық ядролық қондырғы жасауды тапсырған. Талап бойынша, ол 10 жылға дейін жұмыс істеп тұруға тиіс. Жоба құны – 5 млн доллар.
Труди Кортес, NASA технологиялық демонстрациялық миссиялар бағдарламасының директоры:
«Айдағы ядролық қуат көзін көрсету осы энергияның қауіпсіз, таза, сенімді нұсқа екенін дәлелдеу үшін қажет. Айдағы түн техникалық жағынан үлкен қиындық тудырады. Сондықтан Күн қуатынсыз жұмыс істейтін ядролық реактор сияқты энергия көзіне ие болу – Айда ұзақ мерзімді барлау және ғылыми жұмыстар үшін қолайлы болмақ».
Айдағы 1 күн жердегі 29 күнге тең
Айда АЭС салу – бос қиял емес. Бұл ғылыми зерттеулер мен техникалық мүмкіндіктерге негізделген нақтылы жобалар. Айдағы тәуліктің ұзақтығы Жердегідей емес екен. Ғалымдардың айтуынша, Айдағы 24 сағат Жердегі 29 күнге тең. Сондай-ақ Айда 2 апта қараңғы, 2 апта жарық болады. Температура минус 130-ға жетеді.
Саймон Миддлбург, Бангор университетінің ядролық болашақ институтының зерттеушісі:
«Шындық мынада: ядролық энергия – Ай базасын қуаттандырудың бірден бір көзі. Біз Айдан отын ала алмаймыз. Онда Күн батареялары, дизель генераторлары жұмыс істемейді. Шағын ядролық реактор 384 400 шақырым жол жүру үшін жеңіл және мықты болуы керек».
Мамандардың сөзіне және әлдеқашан қолға алынған жобаларға сенсек, Айда АЭС салатын күн де алыс емес сияқты.