Оңтүстік Кореяда шетелдік пациенттердің рекордтық саны тіркелді

2023 жылы бұл елде шамамен 600 мың шетелдік емделген. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен де көп, деп хабарлайды 24kz.

2023 жылы бұл елде шамамен 600 мың шетелдік емделген. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен де көп.  

Владислав Цой, тілші:

- Өткен жылы Оңтүстік Кореяға медициналық туризмнің он бес жылдық тарихындағы ең көп шетелдік пациент келді. Мұнда 600 мың адам негізінен Жапония, Қытай және АҚШ азаматтары емделді. ТМД елдерінен келгендердің көпшілігі ресейліктер – 15 мың және қазақстандықтар – 12 мың. 

Оңтүстік Кореяның басты әуежайына Алматы-Инчхон бағытындағы ұшақ келіп қонды. Пациентті қарсы алуға Рахия Жүсіпбекова келді. Ол 2009 жылдан бері Сеулде тұрады және 12 жыл бойы медициналық үйлестіруші болып жұмыс істейді.

Осы уақыт ішінде оның жұмыс жоспары өзгермеген: пациентті әуежайда күтіп алу, қонақүй мен ауруханаға дейін еріп жүру. Бірақ соңғы бірнеше жылда медициналық үйлестірушінің жұмысы қиындай түсті. Шетелдіктер емделуге келіп, кейіннен заңсыз жұмысқа тұру жағдайлары жиілеп кеткен. Егер пациент Оңтүстік Корея аумағында жасырынып қалса, оны емдеуге шақырған клиника немесе компанияға 3 млн вон немесе 2270 доллар айыппұл салынып, шетелдіктерге медициналық қызмет көрсету лицензиясынан айырылуы мүмкін. Осылайша, Рахияны екі рет алдап кетіпті. 

Рахия Жүсіпбекова, медициналық  үйлестіруші:         

- Көбінесе визаға байланысты сұрақтар көп болады. Мысалы, «Мен өткен кезде сізге хабарлассам болады ма, сіз көмектесе аласыз ба» деген сұрақтар көп қойылады. Содан бірден түсінесін де, айтасың: «Сіз не мақсатпен келейін деп жатырсыз? Қалғыңыз келетін болса, керек емес, басқа компанияға, басқа үйлестірушіге жазып, сұрасаңыз болады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шетелдіктердің басым бөлігі Оңтүстік Кореяда дерматологиялық және ішкі аурулардан емделеді, профилактикалық тексерулерден өтіп, пластикалық ота жасауға келіседі. Алматылық Ләйлә Әстеева Оңтүстік Кореяға асқазан-ішек ауруына байланысты келді. Оның айтуынша, Қазақстан ауруханаларында PH-метрия және өңеш моторикасын тексеру құралдары болмаған. Осындай диагностикадан Ләйлә Сеул клиникасында өтті.

Ләйлә Әстеева, пациент:

- Осында келгенімде маған: «Сіз ауызбен тыныс аласыз, сол себепті ішіңіз кебеді», – деді. Мен ауызбен тыныс алуды доғарып, мұрныммен тыныс ала бастадым, сонымен бәрі басылды.

Ел үкіметі Оңтүстік Кореяны Азияның медициналық туризм орталығына айналдыруды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша 2027 жылға қарай мұнда жыл сайын 700 мың шетелдік пациент емделетін болады.

 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян