Қытай жетімдерін шетелдіктерге бермейді. Шартарап

Әлемде демографиялық жағдай өзгеріп жатыр.

Ресей мамандары халық саны едәуір азайды және бұл үрдіс жалғаса береді деп дабыл қақты.

Тағы бір көршіміз – Қытай да халық санының азайғанына алаңдап, заңдарын өзгертуге кірісті.

Сарапшылар әлемде мұсылман елдердің халқы жылдам өсіп жатқанын алға тартады.

Қытай жетімдерін шетелдіктерге бермейді 

Қытай бұдан былай жетімдерін шетелдіктерге бермейді. Бұл елде баланы сыртқа шығаруға болатын заң 1992 жылы қабылданған еді. Содан бері 160 мыңнан астам қытай сәбиі шетел асқан. Олардың жартысынан астамы – АҚШ-та. Көбі қыздар дейді Қытайдағы балалар жөніндегі халықаралық ұйымның өкілдері. Қытай халық санын қысқарту үшін 1979 бен 2015 жылдар аралығында «бір отбасы – бір бала» деген қатаң саясат жүргізді. Осы кезеңде ұлдардың саны көбейіп, қыздарды басқаның бауырына салу белең алды.

Уаң Уенбин Мао Ниң, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қытай үкіметі шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты саясатын өзгертті. Енді біз сырт елге бала бермейміз. Бұл халықаралық конвенциялардың талабына сәйкес келеді.

Ресей халқы 6 млн-ға азаяды

Биыл Ресей халқының саны 505 мың тұрғынға азаяды. Көрші елге сырттан барушылар саны да кеміп барады. Былтырғы мигранттар саны 60 мың адам. Бұл туралы белгілі демограф Алексей Ракша мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресейде бала туу деңгейі 2016 жылдан құлдырай бастаған. Мұны елдің Статистика комитеті ресми растады. Биыл кейінгі 26 жылда болмаған ең төменгі көрсеткіш тіркелген. Бұдан бөлек, алғашқы жартыжылдықта Ресейден 321 мың адам шетел асқан. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 49 мың кісіге көп.

Алексей Ракша, демограф:
«Алдағы 10 жылда Ресей халқының саны 6 миллионға азаяды. Биыл 550 мың адамға кемімек. Әрі қарай бұл көрсеткіш ұлғая береді».

Мұсылман елдердің халқы көбейіп келеді

Халықаралық портал әлемдегі халқы ең көп 10 елдің салыстырмалы мәліметін жариялады. Кесте 1950, 2020 және болашақтағы 2100 жылдарға бөлініп көрсетілген. Бастапқы үштік әзірге өзгермеген. Тек былтыр үнді елі бірінші орынға шыққан. Үндістан, Қытай, АҚШ, Индонезия сияқты 4 ел озық ондықтан кейінгі 74 жыл бойы қалмай келе жатыр. 2020 жылы бұл тізімнен Жапония және Германия, Ұлыбритания, Италия мүлде шығып қалған да, олардың орнын Пәкістан, Бангладеш, Нигерия тәрізді мұсылман елдері басқан. Ал 2100 жылға қарай АҚШ кейінге сырғып, Ресей, Бразилия, Мексика тізімнен шығып қалады деген болжам бар.

Тағы бір маңызды мәлімет, 2050 жылға қарай әлемдегі демографиялық өсімнің жартысы Африкада іске асады. Сол кезде дүниежүзіндегі еңбекке қабілетті адамның 25 пайызы африкалық болады екен.