Финляндия мектептерінде кітаптар қайта енгізілді
Баланың болғаны жақсы, ал тәрбиесі қандай?
Біраз жыл бұрын оқу жүйесін толық цифрландырған Финляндия енді гаджеттерден бас тарта бастады.
Электронды құралдар нәтижесіз болған сияқты. Мамандар компьютер мен интернеттен гөрі кәдімгі кітап пайдалы дейді. Әлемде білім сапасы бойынша ең озық финдер мұндай қадамға неге барды?
Қайта жаңғырған бастаманы Рийхимяки қаласы қолға алды. Балалар жаңа оқу жылын ноутбукпен емес, бұрынғыдай кітаппен бастаған. Финляндияда 11 жасқа толған барлық оқушыға лаптоптар тегін берілетін. Бұл әлемдік деңгейдегі жетістік саналып келген еді. Сөйтсе мұның пайдасынан зияны басым екен.
Майжа Каунонен, ағылшын тілі мұғалімі:
- Бұл өзгеріске қуаныштымын. Цифрлық материалдарға қарсы емеспін, оларды көп жыл бойы пайдаланып, үйреніп те алдық. Бірақ цифрлық материалдар оқыту және үйрену үдерісінің талаптарына толыққанды жауап бере алмайды. Гаджетке қараған оқушы көп алаңдайды, ал кітаптан оқыған баланың назары тұрақты болады. Гаджетке қараған бала асығады, оның компьютер ойынын ойнағысы, әлеуметтік желіде жазғысы келіп тұрады.
Минна Пелтопуро, нейропсихолог:
- Экран алдында көп уақыт өткізу адам көңілін алаңдатады, мида мазасыздық болады. Интернетте отырған адам бір мезетте көп іспен айналысып, ағзасын шаршатады. Математика есебін шығарып отырған бала арасында Instagram-ын тексереді, хаттарды оқиды, сөйтіп негізгі пайдалы тапсырмадан ауытқиды.
Сабақта гаджеттерді шектеп, кітап, дәптер, қалам-қарындашты қайтару мұғалім түгілі, оқушылардың өзіне ұнап жатқан сияқты.
Инка Уарро, 8 сынып оқушысы:
- Жақсы болды. Зейін қою қабілеті жақсарады. Түнде гаджетте үй жұмысын жасағаннан кейін ұйықтау қиынға соғатын. Экранға қараған көзден ұйқы қашады.
Расында кейінгі жылдары бүкіл Финляндия бойынша балалардың оқу үлгерімі қатты төмендетіп, бұл мәселе үкімет назарын ерекше аудартты. Енді гаджеттерді шектейтін жаңа заң шыққалы жатыр.
Авторы: Ернат Мелсұлы