Тайвань мектептерінде ЖИ-ге негізделген оқулықтар қолданылады

Тайваньда білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылынан бастап жасанды интеллектіге негізделген оқулықтар қолданыла бастады, деп хабарлайды 24kz.

Технология оқушылардың жетістіктерін бақылап, олардың әрқайсысымен кері байланыс жасауға мүмкіндік береді. Тайваньдағы тың оқулық құралдары жайлы тілшіміз айтып береді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Тайвань билігі білім беру жүйесінде жасанды интеллектінің игілігін көре бастады. Жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілген инновациялық оқулықтар мұғалімнің жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, оқушының үлгеріміне оң ықпал етуде. Мәселен, ұстаз баланың тапсырмаларды қаншалықты дұрыс орындап жатқанын бақылай алады. Сондай-ақ дәрісті оқушының қабілетіне қарай бейімдейді.

Хуан Хуэй Чунь, баспахана директоры:

- Біз ЖИ оқулықтарын оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың үлгерімін қадағалау үшін енгіздік. Ол сондай-ақ сабақты баланың қажетіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.

Оқулықтардың тиімділігі аз уақыт ішінде байқалды. Оқушылармен кері байланыс жасауға ықпал етті. Әсіресе білім беруде «Жасанды интеллектіні дәстүрлі әдіспен үйлестіре жүргізудің маңызы зор», - дейді Ұлттық Чэнчи университетінің профессоры Цай Ень Лун.

Цай Ень Лун, Ұлттық Чэнчи университетінің профессоры:

- Жасанды интеллект білім беру процесін жақсартуға зор мүмкіндік береді. Ең алдымен оның негізгі рөлі айқындалуы керек. Бұл оқушылардың ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдыларын дамыту үшін маңызды.

Тайвань білім беру ұйымдары біртіндеп цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Жергілікті білім министрлігі бірнеше жоғары оқу орны арасында жасанды интеллект одағын құруды жоспарлап отыр. Осылайша, білім беру жүйесін жаңғыртып, технологияны тиімді пайдаланбақ ниетте.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Динара Орынтай